Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы уақытылы аяқталады

«Сарыарқа» газ құбырының құрылысы уақытылы аяқталады

«Сарыарқа» газ құбырының құрылысы жоспарға сәйкес 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Бұл туралы Қызылорда облысына жұмыс сапармен барған «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке баяндады.
«Сарыарқа» газ құбырының құрылысы«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырынан бастау алады. Қазіргі уақытта объектіде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басты құрылыс жұмыстары 2019 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал, 2020 жылы объектіні пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Өз кезегінде, Ахметжан Есімов құрылыс барысымен танысып, оң бағасын берді және жұмыстың сапасы мен тапсырылу мерзімінің сақталуын талап етті.
«Сарыарқа» магистральды газ құбыры Қазақстанның астанасы мен орталық және солтүстік аймақтарын газдандыруға арналған. Қор ауқымды жобаны қаржыландыруға қатысады, «ҚазСтройСервис» компаниясы - құрылыс мердігері, «Астана Газ ҚМГ» - операторы.
Айта кеткен жөн, газ құбырының тасымалдау қабілеті жылына 2,2 млрд. м³ газды құрайды. Мысалға, тек Алматы облысы мен Алматы қаласының газ тұтыну мөлшері жылына 2 млрд. м³. Жалпы алғанда, Қарағанды және Ақмола облыстарында 171 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі.
Осылайша, газдандыру есебінен көмір отынын тұтыну көлемі жылына 650 мың тоннаға азаяды. Бұл шаралар еліміздің экологиялық жағдайын жақсартады. Бұдан басқа, «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы 800-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, ең қызу жұмыс жүретін айлары 2000-нан аса адам жұмылдырылады.
Атап өтейік, құбырды төрт кезеңде салу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде Жезқазған-Қарағанды-Нұр-Сұлтан бағытындағы магистралды газ құбырының құрылысы жүргізіледі. Екінші кезеңде Нұр-Сұлтан қаласынан Көкшетауға дейін газ құбырын тарту, ал үшінші кезеңде  Петропавл қаласына тарту көзделіп отыр. Соңғы кезеңде Жезқазған мен Теміртаудағы компрессорлық станциялардың құрылысы қарастырылған. Құбырдың жалпы ұзындығы 1061,3 шақырым. Жобаны іске асыруға жергілікті компаниялар мен еңбек күші тартылған.

«Самұрық-Қазына»ҰӘҚ» АҚ
Қоғаммен байланыс және маркетингтік
 коммуникациялар жөніндегі департаменті
17 сәуір 2019 ж. 1 001 0