Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Айдынды өлкенің ажары айшықты

Айдынды өлкенің ажары айшықты

Кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Кездесуде Аманжол Сақыпұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ алдағы міндеттер талқыланды. Жыл басынан бері ауданға 16,5 млрд-тан астам инвестиция тартылып, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен алғанда өсім 1,8 есеге жеткен. Ауданның кірісі жылдың алғашқы 6 айында 7,6 млрд теңгеге орындалып, болжам 102,0 пайызға артты. Оның ішінде ауданның түсімі 2,6 млрд теңге болып, 114,4 пайызға артық орындалып отыр.
– Ел өміріндегі өзгерістерді, нәтижеге бастаған жақсы жаңалықтарды бұған дейін де естіп біліп отырсыздар. Дегенмен ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші туралы қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер, – деп сөз бастаған А.Сақыпұлы "Бірінші жартыжылдықта ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім бар" деп атап өтті.
Өнім көрсеткіші артты
Өнеркәсіп орындары 18,2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 5,1 пайызғажетті. Оның 70 пайызы өңдеу саласына тиесілі болып, 11,6 млрд теңгенің өнімі шығарылды.
Атап айтар болсақ биыл аудан көлемінде жалпы құны 13,1 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде «Ase Invest» ЖШС-нің «Тұрмысқа қажетті құрғақ ұнтақтар өндіру» жобасы мамыр айында жұмысын бастады. Жобаның құны 300 млн теңгені құрап, 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Мұнан бөлек қалған 5 жобажыл соңына дейін іске қосылады. Жоба құны 8,2 млрд теңгені құрайтын «Альхена» ЖШС-нің «Қуаттылығы 30 Мвт күн электр станциясын салу» жобасы аяқталса 25 адам жұмыспен қамтылса,  құны 3 млрд болатын «Qazaq Camel»ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытын салу» жобасы 23 адамды жұмыспен қамтымақ.
Аталған 5 жобаның қатарында мұнан бөлек «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің «Жоғары сұрыпты ас тұзының өндірісі», «Алаш Метан» ЖШС-нің «Арал қаласының маңынан автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясын ашу», «Ase Invest» ЖШС-нің «Ылғал майлықтар өндіру зауытын ашу» жобалары да бар.
Құны 700 млн теңгені құрайтын «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің «Жоғары сұрыпты ас тұзының өндірісі» іске қосылса 20 жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық көрсеткішін төмендетуге үлесін қосатын болады. Ал «Алаш Метан» ЖШС-нің «Арал қаласының маңынан автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясын ашу» жобасы да 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Бұл жобаның құны 600 млн теңге. 320 млн теңгеге бағаланған «Ase Invest» ЖШС-нің «Ылғал майлықтар өндіру зауытын ашу» жобасы іске қосылса 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Мұнан бөлек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны
4853 бірлікті құрап, оның 96,3 пайызы тұрақты жұмыс істеуде. Мемлекеттік бағдарламалармен қаржы институттары арқылы 739,6 млн теңгенің 56 жобасынесиелендірілді. Сондай-ақ, 114,8 млн теңге болатын 73жобагрантқа ие болды.
Асыраушы салада өсім бар
Ауыл шаруашылығы саласында 3,5 млрд теңгенің өнімдері өңделіп, өсім 101,8 пайызды құрады. 6 айда аудандағы мал басы 249,1 мың басқа  жетті. 983 гектар жерге егін егілді. Нақтырақ тоқталсақ 5,5 гектар картоп, 51,6 гектар көкөніс, 186,7 гектар бақша, 350 гектар жаңа жоңышқа, 389 гектар ескі  жоңышқа егілген.
Одан бөлек 15-ке жуық балықты сұрыптап қатыру және сақтау цехтары жұмыс жасауда.
Аудан басшысы "Бүгінгі күні ауданда тауарлы балық өсіру шаруашылығын дамыту басты міндеттердің бірі. Қазіргі таңда тауарлы балық өсірумен 16 шаруашылық айналысуда. Оның ішінде: 7көл тауарлы балық өсіру шаруашылығы, 8 тоған және 1тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары арқылы балық өсіру шаруашылықтары жұмыс жүргізіп келеді. Қосымша жыл соңына дейін тағы 2 тоған шаруашылығын іске қосу жоспарлануда" деп атап өтті.
Ауданымыздың 5 ауылдық округте (Қарақұм, Сазды, Аққұм, Жіңішкеқұм, Қосаман) жайылымдылық және шабындық жерлерге біріншіден киіктерзиян тигізсе, жаппай шегіртке басып мал шаруашылығына айтарлықтай қиындық келтірді. Біз қазіргі таңда осы жағдайлардың салдарымен күресіп жатырмыз.
Осыған байланысты аудан бойынша 2025-2026 жылдардың мал қыстату науқанына, 181,5 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланды.
Қазіргі кезде қалдық шөп 94,5 мың тонна мал азығы бар. Бүгінгі күнге, 3865 тонна шөп дайындалса, оның ішінде, 529 тонна жоңышқа пресі сатып алынды. Бұл жұмыстар жыл көлемінде жүргізіледі.
Экологиялық ахуал жақсарып келеді
  Осыған сәйкес елімізде биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөнінде ұзақ мерзімді кешенді жоспар бекітілді.
2021 жылдан бастап, 2025 жылдың көктем мезгіліне дейінАрал теңізінің құрғаған табанындағы 790,9 мың гектарға сексеуіл көшеттері мен тұқымдары егілді.
Жоспар бойынша осы жылдың күз айында 15 мың гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызу, 85 мың гектарға тұқым себу жұмыстары жүргізіледі.
Сондай-ақ А.Оңғарбаев:
– Арал теңізі мәселесіне шетелдіктер мен халықаралық қорлардың назарын аудару, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды жобалар ел Үкіметінің және аймақ басшысының тікелей назарында екенін айта кеткен жөн.
Осы мәселелер бойынша ауданға бірнеше мәрте үкіметтік делегация өкілдері келді. Тіпті әлемдік, халықаралық банктер мен қорлардың өкілдері экологиялық апат аймағында болып, теңізге деген жанашырлықтан туындаған әр бастамаға қаржылай қолдау беріп, жобаға жан бітіруге ынталы, – деп жақсы жаңалықты жеткізді.
Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді
– Құрылыс саласында да айтарлықтай өсім бар. Жыл басынан бері ауданда 6,3 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 2,2 млрд теңге болатын 15 мың 525 шаршы  метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Халықты  сапалы  ауыз  сумен  қамтамасыз  ету  мақсатында биылға барлығы 8,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға жалпы 318 шақырым ауыз су желілері жүргізіледі.
Қазіргі таңда Ақбасты елді мекені толықтай орталықтандырылған  ауыз  су  желісіне қосылса, Тоқабай, Абайелді мекеніне ауыз су жеткізуді мерзімінде аяқтауға күш салынуда.
Сонымен қатар Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендеріне ауыз су желісін тарту жобасына барлығы 2,2 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде.
Осы бастамалардың нәтижесінде ауданды таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 95,9 пайызға жетеді, – дейді аудан әкімі.
Мұнан бөлек Қазіргі таңда «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының 200 шақырымнан астам бірінші желісінің тозу деңгейі 80 пайызды құрап отыр. Биыл ауыз су құбырының екінші желісін тарту жұмыстары басталды. Бұл жобаның құны 43,7 млрд теңге.
Халықты баспанамен қамту – мемлекет үшін қашан да басым бағыттардың бірі. Ұлттық жобалар аясында соңғы 3 жылда ауданда 3,6 млрд теңгеге 286 пәтер салынып, пайдалануға берілді. Өткен жылдың өзінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген 2,2 млрд теңгеге салынған 150 пәтерге жыл басында тұрғындар қоныстанды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатын болады. Ағымдағы жылы 100 пәтер сатып алуға 1,5 млрд теңге қаражат қаралды.
Брифинг барысында А.Сақыпұлы "Өздеріңіз білесіздер жақында құны 1,7 млрд теңге болатын «Руханият» орталығы ел игілігіне пайдалануға берілді. Ғимаратқа аудандық орталық және балалар кітапханалары, аудандық тарихи-өлкетану музейі, аудандық архив филиалы, хал актілерін тіркеу бөлімі, жастар ресурстық орталығы, үкіметтік емес ұйымдар орналастырылды. «Ауыл – Eл бесігі» бағдарламасы аясында Шижаға елді  мекенінде құны 454,867 млн теңге болатын денешынықтыру- сауықтыру кешенініңжәне құны 611,763 млн теңгені құрайтын Аманөткел ауылында 150 орындық клубтың құрылысы жалғасуда" деп тоқтала кетті.
Көгілдір отын көптің игілігі үшін
Ауданды газдандыру бойынша соңғы 3 жылда 6,8 млрд  теңгеге 228,3 шақырым газ желісі жүргізілді. Бүгінде аудан халқының 71,2 пайызы газбен қамтылған. Оның ішінде, Арал қаласындағы №4, №5, №6 мөлтек аудандары және Сексеуіл кентімен Шижаға елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қосылды.
Осы бағыттағы ауқымды жұмыстарды жеткізген аудан басшысы:
– Ауданның Сыр беткейіндегі жұртшылық үшін жағымды жаңалық – құны 6,3 млрд теңгені құрайтын Қамыстыбас елді мекенін газдандырудың автоматты газ тарату стансасы құрылысы басталды. Бұл станса арқылы 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық халыққа кезең-кезеңімен көгілдір отын жеткізуге мүмкіндік туады. Осы тұста айта кетерлік жақсы жаңалық, Қамыстыбас ауылында жеткізуші газ құбыры мен кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысы басталатын күн де алыс емес. Қазіргі таңда құрылысты жүргізетін мердігер мекеме анықталды, – деп БАҚ өкілдері алдында ақжолтай хабарды жеткізді.
Инфрақұрылым қарқынды жүруде
Жалпы аудан бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 783,4 шқ болса, оның 421,1 шқ яғни 53,8 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.    2025 жылға көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында барлығы 4,2 млрд теңге қаржы бөлінді.   Мамыр айында құны 2 млрд  887 млн теңгені құрайтын ірі жобаның бірі – темір жол үстінен өтетін аспалы көпір халық игілігіне пайдалануға берілді.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Шөміш-Аралқұм» автомобиль жолын салу, Хан елді мекені маңындағы Сырдария өзені арқылы өтетін қалқымалы көпірді реконструкциялау, «Самара-Шымкент-Бекбауыл»,  «Арал-Жалаңаш» жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүруде.
«Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы арқылы өткен жылы бастау алған жоба құны 1 604,9 млн теңге болатын Арал қаласы, Бақтыбай батыр көшесінің автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарына ағымдағы жылы 976,1 млн теңге бөлінді.
Сондай-ақ, 2024 жылы басталған Арал қаласындағы 7 көше, атап айтсақ К.Өтенов, М.Мәметова, Т.Бөріқұлақов, А.Төлегенұлы, М.Дулатов, К.Сәрсенбаев, Қ.Сәтбаев көшелерінің автомобиль жолы құрылысына биыл 202,5 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жалғасуда. Жоба 2026 жылға өтпелі түрде жүргізіліп жатыр.
Мұнан бөлек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы қолға алынған Жақсықылыш кентіндегі 12 көшенің автомобиль жолының құрылыс жұмыстарына биыл бюджеттен 316,5 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, ағымдағы жылы жоба құны 506,5 млн теңге болатын Жақсықылыш кентіндегі 3 көшенің, Қаратерең елді мекеніндегі 1 көшенің және Қосжар елді мекеніндегі 1 көшенің автомобиль жолдары орташа жөндеуден өткізіліп, асфальт жабындысы толықтай төселсе, Сексеуіл кентіндегі 5 көшенің автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Білімге басымдық – болашаққа инвестиция
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жыл басында Арал қаласында 300 орындық мектеппайдалануға берілді. Сексеуіл кентінде де дәл осындай білім ордасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей қолдауы арқасында демеушілік есебінен Тоқабайелді мекеніндегі №248орта мектебінің негізгі оқу корпусы жыл басында пайдалануға берілген болатын. Биылғы жаңа оқу жылына дейін мектептің қосымша екі блогының құрылысы толықтай аяқталады.   
Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінің көне ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарына 427,3 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде. Аудандағы №263, №62және№177 орта мектептерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына 143 млн 813 мың теңге бөлінді.
2024-2025 оқу жылында 11 сыныпты аяқтаған бітірушілер саны – 1091, оның ішінде Алтын белгі иегерлері – 59, Үздік аттестат иегерлері саны – 88.
Арал ауданы бойынша ҰБТ-ға 787оқушы қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Айталық, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,8 баллға көтерілді.
Саладағы тағы бір жағымды жаңалық, Арал қаласындағы №220 орта мектебі Қазақстанның ең үздік 100 мектебінің қатарына енсе, Жарасхан Әбдірашов атындағы №62 мектеп-лицейінің екі ұстазы Қазақстанның ТОП-50 финалисті қатарынан көрінді. Информатика пәні мұғалімі Алтынбек Киікбаев пен бастауыш сынып мұғалімі Гүлсара Баймаханованың бұл жетістігі аудан мақтанышы деп анық айта аламыз.
Халық саулығы басты назарда
Аудан көлеміндегі бұл салада да айтарлықтай жетістіктер бар. Жыл басында Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухананы ел игілігіне табыстадық. Тоқабай ауылынан соңғы үлгідегі медициналық амбулатория салынып, қазіргі таңда халыққа сапалы қызмет көрсетуде.
«Ұлт саулығын нығайту» жобасы аясында орталық  аурухана жанынан 17 төсектік нейро-инсульт, 35 төсектік кардиология бөлімшелеріне арналған құны 2,3 млрд болатын жапсаржайқұрылысы басталды. Оған МРТ және ангиограф қондырғылары орнатылатын болады. Осы арқылы аудан тұрғындары өзге аймақтарға сандалмай өз жерінде тиісті ем алуына мүмкіндік туады.
Сондай-ақ, тозығы жеткен жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимаратының құрылысы басталды. 2,1 млрд теңгені құрайтын құрылыс аудан халқының көптен күткен жаңалығы еді.
Оған қоса Арал қаласының Шанхай, Жаңауыл мөлтек аудандарынан тәулігіне 250 келушіге арналған емхана құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жоба құны – 6,6 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі таңда жобаны қаржыландыру бойынша тиісті салалық министрліктерге ұсыным жолданды. Арал қаласында орналасқан «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы қайта жаңғыртудан өтуде. Нысан жақын арада  ашылатын  болады.
Оңалту орталығында Қазалы ауданының және Ақтөбе облысының Шалқар ауданының мүгедек балдарына медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда орталықта ішкі жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр.
6 ай көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстарды айтып өткен Аманжол Оңғарбаев брифинг соңында "Ел өміріндегі атқарылған бірсыпыра жұмыстардың беталысын өздеріңізге баяндадым. Алдағы міндет бұдан да ауқымды. Халқымыз қашанда оң өзгерістерді жақсылыққа балап, жылы бастамаға тілекші болады. Біздің атқарып жатқан ісіміздің нәтижесі ел арасында ашық айтылып, оң бағасын алып келеді. Дейтұрғанмен ел болған соң қажеттілік болмай тұрмайды. Көтерілген мәселелер әркез қаперімізде. Оларды шешу қаржының мүмкіндігіне қарай болатынын жақсы білесіздер. Сіздер де тілшілік тіршілікпен ел арасында болып, халықтың мұң-мұқтажына үнемі құлақ түріп жүресіздер" дей келе журналистердің өзге де сауалдарын тыңдап, көңілге қонымды жауап берді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

Фото: автордан
19 шілде 2025 ж. 42 0