Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел дамуын еселейтін жобалар талқыланды

Ел дамуын еселейтін жобалар талқыланды

Таяуда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде Арал ауданының даму жоспары талқыланды. Мәжіліске аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, орынбасарлары және облыстық басқарма басшылары қатысты.
Иә, айдынды өлкеде оң көрсеткіштер көп. Бұған аймақ басшысы да тоқталып:
– Өткен жылы аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Арал ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 24,3 млрд. теңгені немесе 148% құрап, бюджет қаражатына деген тәуелділіктің төмендегені байқалады. Бюджет 98,2% игерілді. Ауданның өз кірісі 2022 жылы 3 млрд. теңге болса, 2023 жылы 3,2 млрд. теңгеге өскен. Бұл бағыттағы жұмыстарды биыл да жүйелі түрде жалғастыру қажет, – деп ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика тіркелгенін айтты.
Одан кейін Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев алдағы жұмыстар мен іске асыруға ұсынылатын жобаларды баяндап:
– Аудан бюджеті 2024 жылға трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда 15,2 млрд. теңге болып бекітілді. Өткен жылмен салыстырғанда 770,1 млн. теңгеге артық. Бюджеттің барлық кірістерінің 21,8 процентін өз кірістері, 27,7 процентін субвенция, 49 процентін трансферттер және 1,5 процентін несиелер құрайды. Осы жылға арналған өз түсімдері 3,3 млрд. теңге, оның 2,8 млрд. теңгесі аудан бюджетінің, қалған 527,4 млн. теңгесі дербес бюджеттердің түсімдері, – деді.
Аталған көрсеткіштер жайында облыстық басқарма басшылары да ауданның дамуына қатысты өз салалары бойынша нақтылап, хабарлама жасады. Жиын қорытындысында аудан әкіміне биылғы жылға межеленген көрсеткіштерді орындау жүктеліп, сәйкесінше облыстық басқарма басшыларына «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу және салу, Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдары Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін егуді ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды тапсырды.
"Толқын" ақпарат
03 ақпан 2024 ж. 305 0