Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсат айқын, міндет зор

Мақсат айқын, міндет зор

Көпір көптің тілегі еді. Сонау кеңес заманында талай ықпалды азаматтардың азуы батпаған ауқымды мәселенің күні бүгінге дейін қоғалып келе жатқанын Арал жұрты жақсы біледі. 80 мың халықтың үміті, уақыты мен қауіпсіз қатынасына себепші болар сол көпірге қатысты сірескен сең сетінеді ақыры. Жыл басынан ақжолтай хабарды жылы қабылдап, асыға сүйіншілеген ағайынның ендігі тілегі сол көпірмен қатынап, сағаттап кептелісте қалудың қиындығынан құтылу болып тұр.
Нақтысы, Арал қаласын бөліп жатқан теміржолдың бергі бетінде 17 мың, арғы бетінде 20 мыңдай халық қоныстанған. Жалғыз өткел осы болғандықтан, кейде жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникалары да межелі жеріне уақытылы жете алмайды. Енді тарихи шаһар тұрғындарының сұранысы қанағаттандырылып, көлік қатынасы жеңілдемек. Нысанға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігер мекеме «РИТМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын екі жыл ішінде аяқтауды жоспарлауда.
Иә, күні бүгінге дейін Арал қаласын қақ жарып өтіп жатқан темір жолдың қос бетіндегі қатынас пойыз өткенде минуттап тыныстайды. Кей кездері ұзақ үзілістің салдарынан ұзындығы бірнеше шақырымға созылған кептелістер пайда болады. Бұл мәселені көзбен көрген соң қаламға арқау етіп, көтеріп те жүрдік. Міне, ақыры аралдықтардың тілегі қабыл болды. Нақтысы көпір құрылысы басталды. Осы бір тарихи сәтке облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы келіп қатысып, аудандарға жасаған жұмыс сапарын осы Аралдан бастады. Көпшілік жиылған теміржол көпірінің іргетасын қалау рәсіміне арнайы қатысқан аймақ басшысы аралдық ағайынның ұзақ жылдан бері қордаланған басты мәселесінің бірінің оң шешілгені үлкен жетістік әрі зор қуаныш екенін атап өтіп, аудан тұрғындарын құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек», – деген болатын. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ерекше атап өтуіміз қажет, 2023 жылға облыс бюджеті 520,7 млрд теңге болып бекітілген еді. Сәуір айындағы нақтылаудан кейін оның көлемі 593 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда 230 млрд теңгеге немесе 1,7 есеге артық. Оның ішінде Арал ауданының бюджеті 18,4 млрд теңгеге жетті. Бұл ауқымды қаражат ең өзекті деген мәселелерді шешуге, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Арал ауданының құрметті азаматы Кішкене Айбосыновта жерлестерін көпір құрылысының басталуымен құттықтады. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, ардагер-зейнеткер осы ауқымды жұмыстың басталуына күш салған аймақ басшысы мен аудан әкімі С.Сермағамбетовтің ықпалы айрықша болғанын атап өтті. Көптің тілегі қабыл болған күннің куәсі болған ардагер басталғалы тұрғын жұмысқа сәттілік тілеп, өз ризашылығын жеткізді.
Құны 3,1 млрд теңге болатын көпірдің ұзындығы 940 метрді құрайды. Аспалы көпірдің екі жағынан қосымша жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдары орнатылады. Жақын жерде орналасқан тұрғындарға келеңсіздік тудырмас үшін дыбыс басқыш құрал-жабдықтарымен қамтылады. Айдынды өлкенің ажарын ашып, қатынасын жандандыратын аспалы көпірдің бүгінде іргетасы қаланып, алғашқы қадалары қағылды. Алдағы екі жылдың еншісіндегі бұл жұмыс көптің көзайымына айналмақ.
* * *
Аймақ басшысыауданға жасаған жұмыс сапары аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген мәжіліске қатысып, түйткілді мәселелер мен маңызды міндеттерді талқылады.
Еске салсақ, аймақ басшысы өткен жылдан бері Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес халықпен кездесулер ұйымдастырып, өзекті мәселелер бойынша тұрақты түрде қоғамдық қабылдаулар өткізуде.
Жиында облыс әкімі ел Президентінің сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аудару туралы тапсырмасын еске салды.
«Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында айтылғандай, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешу әкімдер атқаратын жұмыс нәтижесімен тікелей байланысты болмақ. Бұл бағытта облыста тиісті шаралар қабылданып, нақты жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде Арал ауданында да оң өзгерістер бар. Өткен жылы аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Арал ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 16,7 млрд теңгені құрап, бюджет қаражатына деген тәуелділік төмендеді. Ауданның өз кірісі 2023 жылы 3,2 млрд теңгеге өскен. Сонымен бірге жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің, құрылыс көлемінің артуы есебінен жоғары көрсеткіштерге қол жеткен. Арал ауданы аудандар бөлінісінде бірінші орында. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жүйелі түрде жалғастыру қажет», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар аймақ басшысы өнім өндіруге, қызмет көрсетуге бағытталған жобаларды қаржыландыруға басымдық беру, кәсіпкерлікті дамытып, жұмыссыздық мәселесін шешу, азық-түлік өнімдерін өндіру, баға тұрақтылығын сақтауға қатысты тапсырмалар берді.

* * *
Мұнан соң облыс әкімі Н.Нәлібаев аудан халқымен кездесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады.
Қабылдауға барлығы 100-ге жуық азамат келіп, өтініш-тілектерін жеткізді. Тұрғындар көтерген мәселелер негізінен баспана алуға, денсаулық, білім салаларына, жұмысқа орналасуға, т.б. қатысты болды. Ұсыныс-пікірлерді тыңдаған аймақ басшысы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Қабылдауда көтерілген барлық мәселені шешу жолдары жан-жақты зерттеледі.
Мәселен, Арал ауданының тұрғыны Ақбай Баекеев «ҚазСуШар» мекемесіне қатысты ұсыныс айтты.
–Бүгін облыс әкімінің қабылдауына келдім. Егіс көлемінің артуына байланысты бұрын Арал ауданында су шаруашылығы мекемесі болған. Қазір оның ізі ғана бар. «ҚазСуШардың» аудандық мекемесін қайта құру туралы мәселе қозғадым. Бұл мәселе алдағы уақытта заң аясында қаралып, оң шешім табатынын айтты, – деді ол.
Ал ардагер ұстаз Әлия Мукаримова ауданға типтік балабақша қажет екенін жеткізді.
–Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының ауданға іссапармен келетінін естіп, қабылдауға жазылған едім. Бүгін қабылдауға келіп, талапқа сай, типтік жобадағы балабақша салып беру туралы ұсынысымды айттым. Облыс әкімі мен көтерген мәселе заң аясында қарастырылатынын жеткізді, – дейді ұлағатты ұстаз.
Мұнан бөлек, тұрғындар құқық қорғау органдары басшыларының қабылдауында болды. Өздерін толғандырған мәселелердің заң шеңберінде шешім табу жолдары туралы кеңес алды. Құқық қорғау органдарының басшылары қабылдауға келген тұрғындарға көтерілген мәселелердің заңдық негізін жан-жақты түсіндірді.
Еске салсақ, Арал ауданына сапары барысында Нұрлыбек Машбекұлы теміржол өткелінің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген мәжіліс өткізді.
Айта кетейік, осындай форматта жеке қабылдаулар алдағы күндері барлық ауданда өткізілмек.

* * *
Аймақ басшысы жеке қабылдаудан кейін аудан орталығында салынатын №6 және №5 мөлтек аудандарға инфрақұрылым жүргізу жұмыстарымен танысты. Бүгінгі күннің басты талабына айналып отырған инфрақұрылыммен қамту мәселесі аудан көлемінде кеңінен жүргізіліп жатқанын көзбен көріп, бағасын берді.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбсұлтанов облыс басшысын істеліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Нақтырақ айтар болсақ, №4 мөлтек аудан бойынша 376 жер телімі табысталса, мұндағы 305 үйдің құрылысы аяқталған. Ал қалған 71 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал №8 мөлтек аудан бойынша 308 жер телімі табысталатын болады.
Сондай-ақ №5 мөлтек ауданынан барлығы 690 жер телімі берілетін болып жоспарланса, соның 160-ы қазірдің өзінде табысталған. Қалған 530-ы биыл тапсырылатын болады. №6 мөлтек ауданнан да 353 жер телімі тұрғындардың игілігі үшін жұмыс істейтін болмақ.
Мұнан бөлек ауданда Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері мен Аманөткел ауылын инженерлік инфрақұрылыммен қамту жайы да күн тәртібінде тұр.
Ауданға сапарында көптеген ауқымды жұмыстардың жайымен жақын таныс болған Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар тапсырмалар беріп, жүргізіліп жатқан жұмыстарға сәттілік тілеп, аудан халқының игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар жалғасын табатынына сенім білдірді.
«Толқын» ақпарат
20 мамыр 2023 ж. 242 0