Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық жиһаз шебері жеңілдетілген несие алып, цехын дамытып жатыр

Аралдық жиһаз шебері жеңілдетілген несие алып, цехын дамытып жатыр

Қызылорда облысының Арал қаласында тұратын Нұрболат Бисембаев жиһаз шеберлігі арқылы өз кәсібін дөңгелетіп отыр. 2021 жылдан бері үй жиһаздарын жасап келе жатқан ұста биыл "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, шағын цехын кеңейткен.

BAQ.KZ тілшісі ұстамен әңгімелесіп, кәсібін қалай ашқаны жайлы білді.
Ол Қызылорда облысы Арал қаласының тумасы. 2021 жылдан бастап үй жиһаздарын жасап, кәсіппен айналыса бастаған.

Жиһаз шебері Нұрболат Бисембаев бастапқыда дүкеннен сатып алынған жиһаздарды жинап, құрастырумен айналысқан. Алайда дүкен жиһаздарының өлшемі қазіргі биік үйлерге сай келмегендіктен, ол жеке тапсырыспен жиһаз жасай бастайды.

Дүкеннің жиһаздары қазіргі жер үйлердің биіктігіне сәйкес келе бермейді. Себебі көбіне дүкеннен сатып алынған жиһаздар 2,10-2,30 метр болады. Ал қазір үйлердің биіктігі шамамен 3 метрден, тіпті кейбірі 3 метрден де асады. Сондықтан бос орын қалып кетеді, - дейді ұста.
Сөзінше, Нұрболат Бисембаев бастапқыда ауылда жұмыс істеп тұрған цехтарда материалдарды кестіріп, жиһаз жасап жүрген. Кейін өзі үйден шағын цех ашып, осы кәсібін бастаған. Былтыр ол "Ауыл аманаты" жобасына қатысып, жеңілдетілген несиеге өтініш берген.

Қажетті құрал-жабдық, ағаш кесетін құрылғы қажет болғандықтан, жеңіл пайызбен несие алу жолын іздедік. Сөйтіп 2024 жылы "Ауыл аманаты" бағдарламасына қатысып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алуға өтініш бердім. Алдымен бизнес жоспар жасадық. Сөйтіп комиссияның қарауынан өтіп, несиеміз мақұлданды. Несиені биыл ақпан айында алдым, - деп айтты жиһаз шебері.
Ол 5 жылға 6 млн теңгеден аса қаржы алған. Сөзінше, несие төлерде 6 ай каникул да беріледі. Нұрболат Бисембаев қазір несиесін уақытылы төлеп отыр.

Оның айтуынша, кәсіп ашу үшін қазір екінші деңгейлі банктерді қарасақ, пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Мысалы, 6 млн теңгені 5 жылға алатын болсаң, оны екі есе етіп қайтару қажет болады.

"Ауыл аманаты" бағдарламасы – кәсібін енді бастайтындар үшін өте тиімді жоба. Себебі көп банкте несие өте жоғары пайызбен беріледі. Ал 2,5% біз сияқты шағын кәсібін дөңгелетіп жатқандарға өте қолжетімді. Үстіне қосып төлейтін сомасы да айтарлықта жоғары емес. "Ауыл аманатының" көмегі орасан болды.

Қазір оның цехында үш адам жұмыс істейді. Ас үй, кіреберіс, жатын және балалар бөлмесіне арналған жиһаздармен қатар мекемелерге үстел, сөрелер де жасап береді. Материалдар Ақтөбе, Қостанай, Түркістаннан жеткізіледі, ал тапсырыстар еліміздің түкпір-түкпірінен түседі.

Бисембаев жиһаздарға сұраныс еліміздің түкпір-түкпірінен түсетінін атап өтті. Цех өңірлерге жіберетін жиһаздың эскизін сызып, құрастырушыларға ыңғайлы етіп тапсырады. Ал жақын маңдағы тапсырыс берушілердің үйіне барып, эскизін бірге сызып, қажетті жиһазды тұтынушының қалауы бойынша жасап береді.

Нұрболат Бисембаев жиһаз таңдарда материал сапасына мән беруге кеңес береді.

"Ауыл аманаты" – ауыл тұрғындары мен ауылдық кооперативтерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама. Ол агробизнеске тарту, ауыл аймақтарының дамуын ынталандыру, табысты арттыру үшін жеңілдетілген несие беру механизмін ұсынады.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 
12 тамыз 2025 ж. 29 0