Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін “AMANAT” партиясы Арал аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қанатов Талғат Мырзағұлұлы, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ембергенова Нұрсауле Сайлауқызы және комиссия мүшесі Мамбетов Жасұлан Серікұлы аудандық маңызы бар «Арал–Жалаңаш» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Сайлауалды бағдарламаның Жол картасында көзделген инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу сапасын бақылау мақсатында жүргізілген мониторинг барысында партия өкілдері жол құрылысы нысанында атқарылып жатқан жұмыстарды қарап шықты.

Аталған автомобиль жолының жөндеу жұмыстары жалпы 5 лотқа бөлініп, қазіргі таңда 52–62,1 шақырым және 39–52 шақырым аралығында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба облыстық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен жүзеге асырылуда. Мердігер мекеме тарапынан тиісті техника мен жұмыс күші тартылып, жол төсеміне асфальт жабындысы салынуда.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері атқарылған жұмыстардың сапасына, жол құрылыс материалдарының талаптарға сәйкестігіне және жұмысшылардың қауіпсіздік шараларын сақтауы мәселесіне назар аударды.

Мониторинг қорытындысы бойынша, партия өкілдері жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауда ұстау және белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету жөнінде тиісті ұсыныстар берді.

“AMANAT” партиясы ел игілігіне бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстайтынын атап өтті.
22 қазан 2025 ж. 240 0