Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Республика күнімен құттықтауы
Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын маңызды мереке.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн» - деген болатын.
Рухы биік бабаларымыздың арманы болған азаттықты аялау, халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мұратымыз.
Ұлттық мереке жұртшылықты мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді арттыруда.
Биыл Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуда. Бұл маңызды құжат елдігіміздің берік тұғырына айналды.
Азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріп, мемлекетіміздің аумақтық тұтастығы мен халқымыздың бірлігін нығайтты.
Бүгінгі мерейлі сәтті аймағымыз – толайым табыстармен, жарқын жетістіктермен, ерекше көңіл-күймен қарсы алуда.
Мемлекет басшымыздың бастамасымен Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру жолында Сыр халқы бекем бірліктің үлгісін көрсетіп, еңбек етуде.
Өңіріміздің барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімі қамтамасыз етіліп, республикада алдыңғы қатардамыз.
Қойнауы қазынаға толы, тарихтан тамыр тартқан
Сыр өлкесінің келешегі кемел, болашағы жарқын болсын!
Әр шаңыраққа бақ дарып, ырыс ұяласын!
Елімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік тілеймін!
Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Қызылорда облысының әкімі Н. Нәлібаев











