Бірқатар міндеттер пысықталды
Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер қаралды.Аудан әкімі алдымен ауданда соңғы күндері өткен түрлі бағыттағы шаралардың лайықты деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, бірқатар жетістіктерге тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, «Алтын күз – 2025» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі Қызылорда қаласында жоғары деңгейде өтті. Облыс орталығында өткен мерекелік шара барысында Арал ауданы «Балық шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен марапатталды. Жерлестеріміздің еселі еңбегі бұл шарада ескеріліп, ел мерейін тасытар молшылық маусымында аудан озаттары да түрлі марапат төрінен көрінді. Бұл – тынымсыз атқарылған еңбектің нәтижесі, – деді аудан әкімі А.Оңғарбаев.
Бұдан бөлек, алда атқарылатын бірқатар жұмыстарға тоқталған Аманжол Сақыпұлы жыл соңына дейін бірнеше ауылға ауыз су беріліп, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы аяқталатынын жеткізді.
Сонымен қатар, аудан әкімі электр энергетикасы саласын дамыту мен цифрландыру мәселелеріне кеңінен тоқталып, бірқатар жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Өздеріңіз білесіздер, мемлекет тарапынан электр энергетикасы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Тұрғындарды тұрақты және сапалы электр энергиясымен қамту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Қазіргі таңда аудан аумағындағы электр желілері мен қосалқы станциялардың тозу деңгейі жоғары екені белгілі. Сондықтан тиісті жобаларды іске асырып, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жақсартуымыз қажет, – деді аудан әкімі.
Жиын барысында аудан аумағында атқарылып жатқан өзге де жұмыстардың жай-күйіне назар аударған Аманжол Сақыпұлы облыс пен аудан бюджеті есебінен жасалып жатқан жобалардың сапасына ерекше мән беруді тапсырды. Сондай-ақ, құрылысы баяу жүріп жатқан нысандардағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.


Аудан әкімінің баспасөз қызметі









