Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал қаласында жоғары сұрыпты тұз өндірісі жолға қойылатын болады

Арал қаласында жоғары сұрыпты тұз өндірісі жолға қойылатын болады

Арал ауданы биыл ерекше құрылыс алаңына айналып отыр. Жыл басынан бері аудан көлемінде жүзеге асқан көптеген құрылыс нысандарын айтпағанда, жыл соңына дейін де бірқатар жаңа нысандар мен өндіріс орындарының ашылуы жоспарлануда. Солардың ішінде 4 ірі инвестициялық жобаның іске асуы күтілуде. Соның бірі – «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің «Жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру» жобасы.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жаңадан салынып жатқан осы өндіріс орнында болып, 1 млрд теңге қаржы бағытталған ауқымды жобаның құрылыс барысымен танысты.
Жоба бастамашысы қазіргі таңда Арал қаласындағы индустриялық аймақтың жанындағы жер телімінде техникалық және жоғары сұрыпты медициналық тұз өндіруді қолға алған. Бұл бастама жыл соңына дейін сәтті жүзеге асса, алдағы уақытта экстра сұрыпты ас тұзын өндіру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда зауытқа Қытайдың жоғары сапалы технологиялық құрылғылары жеткізілген. Оларды ғимарат ішіне орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, мұндай құрылғылар бұған дейін Еуропа, Африка, Вьетнам, Индонезия және Өзбекстан сынды алпауыт мемлекеттерде де орнатылған. Негізгі ерекшелігі – құрылғылардың металдық сапасының жоғары болуы және тұз сұрыптаудағы техникалық стандарттарға толық сәйкестігі.
Жобаның жылдық қуаттылығы 40 мың тоннаны құрайды. Өнімнің 50 пайызы ішкі нарыққа, ал қалған бөлігі экспортқа шығарылады деп күтілуде. Өндіріс орны толық іске қосылғанда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Зауыт толық автоматтандырылған жүйе бойынша жұмыс істейтіндіктен, басқару процесіне арнайы мамандар тартылмақ.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жобаны жүзеге асыруға атсалысып жатқан Қытай мемлекетінің мамандарымен тілдесіп, кәсіпорынның артықшылық тұстарына назар аударды. Құрылыс қарқынын үдетіп, жыл соңына дейін тұз өндірісін толық іске қосу қажеттігін атап өтті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі
30 қазан 2025 ж. 113 0