Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Келешек" мектебінен – келешекке

"Келешек" мектебінен – келешекке

«Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың бойында әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымызда өзгеру керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруы тиіс»
Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еліміздің ертеңi жас ұрпақтың жоғары деңгейде бiлiм алуына көңіл бөлу – мемлекеттің ең маңызды мiндетi. Соның бір айғағы– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек» мектебі. Мектептеоқушыларға барлық мүмкіндіктер қарастырылып, ойлау қабілетінің артуына жан-жақты қолдау жасалған. Осы орайда Ахмет Байтұрсынұлының мына бір: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген дана сөзі қазіргі таңда ұстаздардың да, шәкірттердің де бағыт берер бағдаршамына айналған.
Жуырда "Келешек" мектебіндегі келешек иелері ең алғашқы болып қабылданған шәкірттер "Рахмет саған, Әліппе" атты ертеңгілікке жиналды. Жүректері алып-ұшқан әр шаңырақтың еркелері асқан байыппен сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздар еңбегін жырға қосып, періште пейілмен алғыстарын ортаға салды.
Өз кезегінде мектеп директоры Жасұлан Айтжанов:
–Биыл бірінші сыныпқа 78 оқушы қабылданды. Осындай әсем ғимаратта білім алған бүгінгі ұрпақ бақытты. Мұның бәрі мемлекеттік оң саясатының нәтижесі екенін жас буын ұғынып, болашақта талай жастың келешегіне жол ашқан мектептің атағын асқақтатуы тиіс. Осы жылы үш бірдей бірінші сыныпты қабылған Нұржайна Дәрімбетова, Айғаным Жансүгірова, Жанерке Жүсіпбаевадай мұғалімдеріміздің өлшеусіз еңбегімен әріп танып, қолына қалам алған шәкірттер міне ана тілін толық меңгеруге қадам жасамақ, – деп үнемі қолдау көрсетіп жүрген ата-аналарға алғыс айтты.
Мұнан соң білім ұясындағы өренді өрендер ұстаздарына деген алғысын өлеңмен өріп, қойылымдар қойды. Артынша шара ән-шашуға жалғасып, ата-аналар қауымы кішкентайларын білім нәрімен сусындатқан мұғалімдерге ризашылықтарын білдірді. 
          «Келешек» мектеп деп атауы айтып тұрғандай, еліміздің келешегі – жас ұрпақтың үлкен азамат болып қалыптасуына, қоғамнан өз орнын табуына жол ашатын осындай игі бастамалардың көбеюi ел ертеңінің еңселі екенін аңғартады.
Айнұр Аймырзаева,
бастауыш сыныптар жөніндегі оқу орынбасары.
23 желтоқсан 2025 ж. 74 0