Жерлестеріміз мемлекеттік марапатқа ие болды
Осы жылдың қорытындысымен Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен 2025 жылды қорытындылауға және Жаңа 2026 жылды қарсы алуға арналған мерекелік іс-шара өтті.Тарих қойнауына қарай қадам басқан жыл Сыр өңірі үшін жеңіс пен жетістіктердің және ауқымды жоспарларды жүзеге асырған еңбек адамдарының жылы болды.
«Жұмысшы мамандықтар жылында» түрлі салада тер төккен еңбеккерлер жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін»медалі, Премьер-министрдің Алғыс хаты, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.
Аймақ төріндегі сол мерекелік шарада ауданымыздың екі азаматы, яғни «Қасқырбай» шаруа қожалығының төрағасы Әділ Елеусізов пен Арал аудандық электр торабы қосалқы станциясының кезекші электромонтері Оразбек Орақбаев ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.
Жерлестерімізді жоғарғы марапаттарымен құттықтаймыз!












