Қазақстанда 2025 жылы 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды
Kyzylorda-news.kz 2025 жылы Қазақстанда жалпы саны 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын пайдалануға берілді. Жаңа нысандар еліміздің әртүрлі аймақтарында орналасқан және машина жасау мен металлургиядан бастап химия және жеңіл өнеркәсіпке дейінгі өндірістік бағыттардың кең ауқымын қамтиды. Бұл өз кезегінде өңірлік экономиканы әртараптандыруға, ішкі өндірісті ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.Осы жобалардың бірі – Қызылорда облысында іске асырылған «AynaGlass» айна өндіру зауыты. Жобаның жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 225 млн теңге кәсіпорынның меншікті қаражаты есебінен, ал 1 275 млн теңге қарыз қаражаты есебінен қамтамасыз етілген.
Кәсіпорын 2025 жылдың қараша айында іске қосылып, жылына 720 мың шаршы метр айна өнімін өндіруге қабілетті. Өнім ішкі нарыққа және ТМД елдеріне жеткізіледі. Кәсіпорында 55 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Аталған жоба 2023 жылы Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізіліп, индустриялық аймақ аумағынан 5,11 гектар жер телімі бөлінген. Өндірісті қажетті шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында «Orda Glass» шыны зауытымен тиісті келісімшарт жасалған.
Жалпы алғанда, 2025 жылы іске қосылған жаңа өнеркәсіптік нысандар өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін беріп, ел экономикасының тұрақты өсіміне және өндірістік әлеуеттің артуына оң ықпал етуде.










