Елдік мүдде тоғысқан жиын
Кеше Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтайдың алғашқы күнінде төрт панельдік секция бойынша отырыстар өтті. Оған барлық өңірден 100-ден астам құрылтай мүшесі қатысты. Секция отырыстарында түске дейін әлеуметтік-мәдени даму, білім мен ғылым мәселелері көтерілсе, күннің екінші жартысында азаматтық қоғам және экономикалық даму бағыттарында мазмұнды ой-пікірлер өрбіді.Әлеуметтік-мәдени даму секциясында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық құрылтайдың қоғам үшін маңызы зор, тұрақты әрі жүйелі диалог алаңына айналғанын атап өтті. Онда ел дамуының ұзақ мерзімді бағыт-бағдары айқындалып, өзекті әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланатынын жеткізді.
– Ұлттық құрылтай аясында айтылған барлық ұсыныс пен пікір Мемлекет басшысы мен мемлекеттік органдардың ерекше бақылауында. Мәдениет және ақпарат министрлігі құрылтай мүшелері ұсынған бастамаларды іске асыру жоспарының орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Алдыңғы төрт отырыста аса маңызды мәселелер көтеріліп, ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, заңнаманы жетілдіру мақсатында 26 заң қабылданды. Сонымен қатар 10 заң жобасына, сондай-ақ Президент Жарлықтары мен кешенді даму жоспарларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Сондай-ақ биыл өткізілетін елімізге белгілі тұлғалардың мерейтойлар күнтізбесі бекітілгенін атап өтті. Олардың өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау өскелең ұрпақтың рухани кемелденуіне септігін тигізетіні анық. Министр Ұлттық балалар кітапханасы мәселесі туралы ойын да білдірді.
– Еліміздегі кітапханаларда оқитын кітап аз деуге болады. Өйткені осы отыз жылда бір автордың кітабы жүз, екі жүз, тіпті мың рет шыққан деректер бар. Атауын өзгертіп, қайта-қайта шығара береді. Біз әр кітапхананың кітап қорын зерделеп шықтық. Шынымен, мұндай өкінішті жағдайлар көп кездесті. Балалар өзі оқығысы келіп, іздеген кітабын таба алмайды. Балалардың кітапқа қызығушылығын арттырғымыз келеді, бірақ олардың сұранысын қанағаттандыратын дүниелер жоқтың қасы. Ол үшін толық деңгейде жағдай жасай алмай келе жатқанымызды ашық айтуымыз керек, – деді Аида Балаева.
Осыған орай министр аударуға және басып шығаруға ұсынылатын кітаптар тізбесін айқындайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Сонымен бірге заманауи жас авторлардың шығармаларын ел кітапханаларының қорына жүйелі түрде енгізу қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ балалар контентін дамыту және анимация индустриясын өркендету тақырыбы көтерілді. Осыған байланысты Аида Балаева мультфильм өндірісіне арнайы тоқталып, бұл бағыттың маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Президент Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, министрлік жанынан Креативті индустрияларды қолдау қоры құрылды. Қазіргі уақытта оның материалдық-техникалық базасы қалыптастырылуда әрі Қор құрылымында анимацияға арналған жеке бағыт қарастырылады. Менің ойымша, мұнда саннан бұрын сапаға мән беру маңызды. Контенттің бала психологиясына ықпалын, жас ерекшеліктерін және тәрбиелік әсерін міндетті түрде ескеру қажет. Қордың толыққанды жұмысы басталғаннан кейін анимация индустриясы тың серпін алып, қарқынды дами түседі деп сенемін, – деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі.
Басқа да мәселелерді талқылау барысында қатысушылар мен сарапшылар ұлттық дәстүрді сақтау және кітап оқитын ұлт қалыптастыру – қазақстандық қоғамды жаңғыртудың маңызды құрамдас бөлігі екенін баса айтты.
Ал білім-ғылым секциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді біріктіретін AI-Sana бағдарламасы биыл да жалғасатынын атап өтті. Бұл жоғары оқу орындарына дәстүрлі білім беру форматынан ғылыми-зерттеу форматына көшуге мүмкіндік береді. Бағдарлама жасанды интеллект бойынша базалық білімнен бастап стартаптарды кәсіби дамытуға және оларды нарықта масштабтауға дейін дәйекті дамытуға бағытталған.
– Ai-Sana бағдарламасын былтырдан бері жүзеге асырып келеміз. Осы күнге дейін 668 мың студент оқыды. Еліміздегі барлық студент бағдарлама аясында міндетті түрде жасанды интеллект курстарынан өтеді. Бұл – ең мықты курстар. Coursera, HUAWEI, Microsoft, Google тәрізді компаниялармен бірігіп, олардың курстарын қазақ және орыс тілдеріне аударып, студенттерді оқытып жатырмыз. Биыл ақпан айында бағдарламаның екінші кезеңі басталады. Соның аясында 100 мың студент жасанды интеллектінің тереңдетілген алгоритмдерін меңгереді, – деді министр.
ЖОО-лар белгіленген үлгідегі электронды сертификат бере отырып, өздері әзірлеген курстар бойынша студенттерді оқыта алады.
– Бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін еліміздің әр өңірінен 27 «зәкірлі» ЖОО іріктеліп, бекітілді. Оқу орындары бағдарламаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылым, оның ішінде ЖИ саласындағы білім беру бағдарламаларының, шетелдік серіктестердің, есептеу қуаттарының болуы сияқты критерийлер бойынша іріктелді. Бұл ЖОО-лар AI-Sana бағдарламасы бойынша студенттер мен педагогикалық оқытушы құрамын оқытуды қамтамасыз ете отырып, өз өңіріндегі және көршілес облыстардағы жобаны іске асыруға жауапты болады, – деді Саясат Нұрбек.
AI-Sana бағдарламасы елімізде жасанды интеллектті дамыту үшін қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған. ЖОО-лар қабылдау комиссиясынан бастап оқу процесін сүйемелдеу және бітірумен аяқтайтын ЖОО-ның ақпараттық экожүйесін құрайтын 9 ЖИ агентін әзірледі. Заман талабына сай жаңашылдыққа біздің облыс та ілесіп келеді. Сөзімізге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеул техникалық университетімен бірлесіп ЖИ және информатика жоғары мектебі ашылуы дәлел.
Ұлттық құрылтайдың секциялық отырыстары түстен кейін де жалғасты. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен жылды қорытындылап, алдағы экономикалық даму жоспары туралы айтты.
– Өткен жылы еліміздің экономикасы тұрақты, сапалы өсім болды. Жалпы ішкі өнімі 300 млрд АҚШ долларынан асса, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім шамамен 15 мың АҚШ долларына жетті. Экономиканың өсу қарқыны 6,5% болды. Бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Экономиканың барлық саласында оң динамика қалыптасты. Жалпы ішкі өнімнің өсу үлесі негізінен өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік қызметі, құрылыс салаларына тиесілі, – деді министр.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 5,9%, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 5%-ға жақындады. Өткен жылы дәнді дақылдардан 27,1 млн тонна өнім жиналып, екінші жыл қатарынан рекорд орнады. Сондай-ақ бұршақ, майлы дақылдардан рекордтық өнімі алынды. Мал шаруашылық өнеркәсібі де қарқынды дамып келеді. Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеуге арналған Қазақстан бойынша ең ірі агроөнеркәсіптік парктің құрылысы басталды.
– Шығындарды оңтайландыру жүйесі жасалуда. Әлеуметтік қорғау саласын трансформациялауды жүргіздік. Бюджеттік төлемдердің бірқатарын цифрлық шешімдер арқылы әлеуметтік шығындардың ашықтығын арттыру маңызды. Мемлекеттің әлеуметтік қолдау шараларының бірыңғай стандарты енгізілді. Үй шаруаларын, әлеуметтік экономикалық осалдығын бағалау әдістемесі бекітілді. Жергілікті деңгейде қосымша көмек түрлері біріздендірілді. Цифрландыру арқылы әлеуметтік салада құқықбұзушылықты анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Бір жарым жылдың ішінде әлеуметтік саясатты транформациялау 600 млрд теңгені үнемдеп, заңсыз шаралардың алдын алуға мүмкіндік берді, – деді Серік Жұманғарин.
Өткен жылы жүргізілген бюджеттік мониторингтің қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 8 түзету енгізілді. Оның шеңберінде жыл басынан бері 1 триллион теңгеден астам қаражат оңтайландырылған. Олар нақты секторға бағытталды.
Көлік логистикалық инфрақұрылымды дамыту – стратегиялық маңызды дүние. 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспар 204 жобаны қамтиды. Инфрақұрылымның тозуын 40 пайызға төмендетуді көздейтін энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасы іске асырылуда. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 13 триллион теңгені құрайды.
Экономиканың тұрақты дамуында кәсіпкерлік саласының маңызы зор. Бизнесті жүргізуді жақсарту бойынша жүйелі шаралар қолға алынуда. Кәсіпкерлікті ынталандыру үшін «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды.
Ұлттық Экономика министрінің сөзінше, өткен жылы жоғары инфлияциялық қысым байқалған. Оның жылдық мәні 12,3 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 5,5, азық-түлік емес тауарлар 11,1, ақылы қызметтер 12 пайызға өсті. Бұл азаматтардың сатып алу қабілетіне әсер еткен.
– 2025 жылдың 11 айында халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысы нақты мәнде 2,3 пайызға қысқарды. Осыған байланысты жақын арада Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті – инфлияцияны тұрақтандыру және төмендету, – деді министр.
Азаматтық қоғам секциясында ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Қызылорданың ел астанасы болған кезеңде алтын әріптермен жазылған оқиғалар өрбігенін айтты.
– «Қазақ» атауын қайтару туралы шешім де осы киелі жерде қабылданды. Тұңғыш Қазақстан Үкіметі де жұмысқа кірісіп, алғашқы театрдың негізі қаланып, тұңғыш пьеса да қойылды. Қазақ тіліндегі кітаптар да басылып шықты. Алаш қайраткерлері бастаған үлкен саяси мәдени орта қалыптасты. Осындай тарихи оқиғалар өткен қалада 100 жылдан соң тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық құрылтайының шақырылуы тарихи сабақтастық тұрғысынан орынды.
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған бұл институт бес жылда өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қоғамның түрлі топтарының үн қосуына мүмкіндік беріп отыр. Билік пен халықтың арасын жақындастыратын алтын көпірге айналды. Жалпы көпшілік идеология саласында ұлттың ертеңі, бүгіні жайлы сөз қозғап жүрген азаматтар асыға күтетін жыл сайынғы үлкен саяси шараға айналып отыр, – деді Арман Қырықбаев.
Ұлттық құрылтай мүшелері секция отырыстарында түрлі тақырыпта ұсыныстарын білдірді. Олардың барлығы мұқият зерттеліп, тиісті қорытынды шығарылады.
Жалпы, Президент тапсырмаларын орындау барысында бұған дейін Ұлттық құрылтай аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтуға тиіспіз. Құрылтай мүшелері бұл жолғы жиында да айтылған әрбір ұсыныс мемлекет дамуына үлес қосады деп сенім білдірді.
Назерке САНИЯЗОВА,
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы».
Өңірлік ғылымды дамыту – үлкен мәселе
Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Ұлттық ғылым академиясының президенті:
Осыған дейінгі Ұлттық құрылтайларда көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен іске асып келеді. Ендігі мәселе – ғылымды экономикаға бейімдеу. Бұл бағыттағы жұмыстарды саралағанда ғылыми тақырыптар экономика сұранысын емес, ғалымдардың мүмкіндігіне қарай қалыптасатыны байқалады. Ұлттық ғылым академиясы форсайт тәсілінің тұрақты жоспарлау құралына айналдыруға қол жеткізді. Екі жыл ішінде өңірлік және салалық сессиялар өткізіп, 220 перспективалы міндет пен 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірледік.Осыған дейін жеткілікті көңіл бөлмеу салдарынан көптеген ғылыми мектептен айырылып қалдық. Осыған байланысты Ұлттық ғылым академиясы «Korea Institute of Science and Technology Information» ұйымымен бірлесіп «AI SilkNet» орталығын құрды. Бұл бізге әлемдегі жаңа технология туралы кеңінен дерек алуымызға мүмкіндік береді. Ғылымдағы озық технологиямен қатар күні өткен әдістерді де осы орталық арқылы анықтап, өзімізге тиімдісін таңдай аламыз. Бүгінгі сессия отырысында алда осы бастаманы дамытып, Орталық Азиядағы қызмет ететін ақпараттық орталыққа айналдыруға болатыны жөнінде ұсыныс айттым.Өңірлік ғылымды дамыту да – алда тұрған үлкен мәселенің бірі. Біздегі ғалымдардың дені Астана мен Алматы қаласында шоғырланған. Бөлінген қаржының көп бөлігі осы қалалар үлесінде. Өңірлік ғылым түрлі бағыттағы қолдаулардан да қағажу көріп келеді. Ғылымның экономиканы дамытуға әсерін арттыру үшін осыған жете мән беруіміз керек.
Солтүстікке көштің түйіні көп
Светқали НҰРЖАНОВ, ақын, филолог:
Шығыстағы көршімізден келетін қатер бар. Мысалы біз оның ілім-білімін, жаңа технологиясын алуымыз керек. Бірақ, адам топанына тосқауыл қою керек. Бұл Сыр өңірінің киелі топырағында ғұмыр кешкен Сыр сүлейлерінің бірі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің болжау жырында айтылған. Біз сол заманмен бетпе-бет келіп тұрмыз. Ұлттық құрылтайда осы мәселені көтеруді ойлап отырмын. Сол сияқты қазақтарды еліміздің солтүстігіне орналастыру бағытында да көптеген түйткілдер бар. Бұл да – көтеруге тұрарлық мәселе. Басқа да түйіндер көп. Сол түйіндерді тарқатамыз деп сенемін.
Туған жерімдегі басқосудан күтерім көп
Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өтуінің тарихи әрі саяси тұрғыдан маңызы ерекше. Байқасаңыз, бұған дейінгі құрылтайларда тарихымыздағы астана болған ежелгі қалалар аумағында өтіп келеді.Бір ғасыр бұрын дәл осы жерде ұлтымызға «қазақ» атауы қайтарылды. Екіншіден, елдің дамуы мен өсіп-өнуіне, мәдени-рухани толысуына ықпалын тигізген азаматтардың табанының ізі қалған киелі өңір. Бұл жағынан, бүгінгі құрылтайдың Сыр өңірінде өтуі заңды. Сондықтан бұл басқосудан күтетін оң жаңалық көп.Құрылтай дегеніміз не? Ашып айтсақ, ол заң шығарушы Парламент емес. Бұл жерде халық тілегі мен пікірі тоғысады. Дұрысы, Мемлекет басшысы мен халық өкілдерінің тығыз байланысы осы жерде көрінеді.Бұған дейін қазақ ғылымы, қазақ технологиясын дамыту жайында жиі айтып келдім. Әрі осы дүниенің ана тілімізбен байланыса отырып қарыштағаны жақсы. Дұрысы, университет, ғылым және өндіріс деген үш тағанның басын қосып, біріктіру жағы қарастыру маңызды.1946 жылы ашылған Қазақ ұлттық ғылым академиясы 2003 жылы тарап кетті. Даңқты ғалым Қаныш Сәтпаевтың уақытында республикада көптеген ғылыми жаңалықтар пайда болды. Қазіргі ел қазынасын толықтырып отырған қазба байлықтарымыздың дені сол уақытта ашылды. Міне, осындай ғылым мен жаңа технологияларды әрі қарай дамыта отырып, елді жетістікке жетелеу басты мақсат болып қала бермек.
Сыр өңірі жаңа кейіпке енген
Самат НҰРТАЗА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Сыр өңіріне сапарымда маған қаланың тазалығы ұнады. Тұрғындардың туған жерді таза ұстауға бейімделгені көрініп-ақ тұр. Қызылордаға бұған дейін де келіп жүрмін. Ол уақытта қаладағы әуежай құрылысы жүріп, жаңа терминал салынып жатқан. Ал кеше ұшақтан түскен бетте жаңа келбетке енген әуежайды көріп, риза болдым. Ондағы қызмет сапасы қонақтардың барлығына ұнағандай. Ал Ұлттық құрылтайға келер болсақ, бұл – мемлекетіміздің дамуына өзек болар ең маңызды тақырыптар талқыланатын алқалы жиын. Өз тарапымнан білім саласына қатысты бірнеше мәселе бар. Әсіресе, мектептегі психолог мамандарға қатысты айтқым келеді. Себебі бүгінге дейін мұғалімдердің жалақысы өскенімен, олар бұл қолдаудан қалыс қалып жүр. Жиында мектеп оқулықтарына қатысты мәселелер де көтеріледі
Салиқалы жиынның салмағы зор
Алмас АЛМАТОВ, жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Тарихымызға терең бойласақ, Сыр елі – Сақтардың астанасы көне Шірік Рабат, Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент, Қазақ хандығының ақ ордасы Сығанақ қаласының ізі жатқан іргелі аймақ. Одан беріде, ХХ ғасырдың басында Қызылорда қаласы қазақ мемлекетінің астанасы болғаны, тағы бір дерек, сол кезеңге дейін «киргиз» аталып келген ұлтымызға «қазақ» атауы қайтарылғаны бүгінде ғасырлық шежіреге айналып отыр. Осындай маңызды мағлұматтарды саралай келіп, Сыр өңірінің ел тарихындағы орны ерекше деп бағалаймыз.Бүгін Сырдың бас шаһарында өтетін Ұлттық құрылтай да халқымыз үшін салмағы бар салиқалы жиын болмақ. Қазіргідей әлемде геосаяси жағдай күрделеніп, мемлекет ертеңі, ұлт тұрақтылығы, жалпы адами құндылықтар мәселесі сынға түскен кезеңде болашағымызды айқындау үшін осындай кең ауқымды келелі кеңес қажет.Бұл тәжірибе халқымызда сонау хандық дәуірден бері бар. Сарапшылардың пайымдауынша, осыған дейін өткен құрылтай отырыстарынан кейін қоғам мен билік арасындағы жауапкершілік нығайып, құқықтық тәртіп жүйесі жетілдіріле түскен.Мемлекет басшысы жуырда «Түркістан» газетіне берген сұхбатында: «Еліміз жаңғыру жолына біржола түсіп, қоғам бет-бейнесін түбегейлі өзгертуге тиіс. Халқымыз жаңа дәуірге бейімделуі керек» дей келіп, бұл тұрғыда болашақтың иесі – өскелең ұрпаққа сенім артатынын айтқан еді. Расында, бұл іргелі жиында бүгінгіден гөрі ертеңнің мәселесі көбірек айтылып, сол бағыттағы қадамдар айқындалады деп ойлаймын. Қалай болғанда, Сыр елінде ұлтты ұйыстыратын, қоғамды біріктіретін мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылданары хақ.
Мәдени ошақтардың ішкі мазмұнын қалыптастыру маңызды
Максим РОЖИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

syrboyi.kzОсы күндері ауылдық жерде ашылып жатқан мәдени ошақтар құрылтай жұмысының жемісі десек болады. Дегенмен, сонда жұмыс істейтін азаматтардың қызметіне, олардың мәртебесіне қатысты көптеген мәселе кездеседі. Ғимарат салудан бөлек, оның ішкі мазмұнын қалыптастыру бар. Ол дегеніміз – үйірмелер жұмысы, осы үйірмелерде жұмыс істей алатын мамандар, ауыл кітапханасының жаңа кітаптармен қамтылуы. Бүгінгі отырыста осы бағытта ұсыныс айтамыз. Ауыл мәдениетінің маңызын, ондағы қызметкерлер жұмысын жетілдіру әрдайым назарда тұру керек деп ойлаймын. Жалпы алғанда, құрылтай елдегі көп мәселенің шешімін тауып, ел игілігіне жұмыс істеуіне жол ашты. Сыр жеріндегі бесінші басқосудан да жақсы бастамалар күтеміз.










