Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандағы туризмді дамыту: Көл жағасындағы кешенді шаралар талқыланды

Аудандағы туризмді дамыту: Көл жағасындағы кешенді шаралар талқыланды

Ағымдағы жылдың 28 қаңтарында Қамыстыбас ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаевтың қатысуымен туризмді дамыту және Қамбаш көлі жағажайының мәселеріне байланысты жиын өтті.

Жиынға Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Т.Әлжанов, Арал аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы А.Сыдықов, Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары А.Балшамбаева, Арал ауданды бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары А.Агибаев, Арал аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Н.Өксікбаев, Арал ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Қ.Әлібеков қатысты. Сала мамандарынан бөлек Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі және тынығу аймағында халыққа қызмет көрсетуші кәсіпкерлер қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Толыбай Әлжанов «жағажайларды орналастыруға қойылатын талаптар» туралы баяндама жасады.

Толыбай Шалғынбайұлы туризм саласының мемлекет деңгейінде ерекше бақылауда екендігін атап өтіп, аталған сала бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
2025 жылдың 3 тоқсанының қорытындысымен туристердің саны 13 910 адамды құрап, өткен жылдың сәйкестік кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға өскен. Оның ішінде ішкі туристер саны – 13 150, сыртқы туристер саны – 760.

Бүгінде қала мен ауылдарда 18 қонақ үй, 6 туристік нысан және 50-ден астам қоғамдық тамақтану орны қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының туристендіру картасына сәйкес туристік объектілер республикалық және өңірлік деңгейлерге бөлінген. Оның ішінде республикалық деңгейдегі нысан ретінде – «Геопарк Арал», ал өңірлік деңгейдегі нысан ретінде – Қамыстыбас көлі жағажайы белгіленген.

Мұнан бөлек су айдындарындағы қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігі қағидалары, жағажайларға және жағажай аумағында халыққа қызмет көрсететін нысандарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде салық заңнамасының талаптары, жағажай аумағында кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру тәртібі аясында баяндамалар тыңдалып, қызмет көрсететін нысандардың құрылыс сапасы да тілге тиек етілді.
Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар берілді.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Омарұлы жиын барысында жағажай басындағы өзге де күрделі мәселерді шешудің жолдарын көтеріп, әсіресе кәсіпкерлерге жағажай аумағында қызмет көрсету барысында белгіленген тәртіптен ауытқымау және заңсыз құрылыс нысандарына жол бермеу керектігін ескертті.

Сондай-ақ, жауапты мемлекеттік органдарға жағажай аумағында түсіндіру және бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу тапсырылды. Ақпараттық-түсіндіру шаралары жазғы шомылу маусымы бойы тұрақты жалғасатын болады.
Жиын қорытындысында жазғы суға түсу маусымында демалушыларға қолайлы жағдай жасау, тынығушыларға кедергі келтірмеу және ауданның туристік әлеуетін арттырудың маңыздылығы ерекше назарға алынды. Сонымен қатар жиында көтерілген мәселелер мен негізгі міндеттер екшеліп, көрсетілетін қызметтер мен түрлі нұсқамалар бойынша кәсіпкерлерге жадынама таратылды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қамбаш көлінің жағасындағы тынығушылар көп келетін «Аққұмшық» жағжайында 55 кәсіпкерлік нысан бар. Ал тынығушыларға 24 кәсіпкер қызмет көрсетеді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

29 қаңтар 2026 ж. 57 0