Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Заң мен тәртіп – адал бала тәрбиелеудің негізі" атты аудандық семинар өтті

"Заң мен тәртіп – адал бала тәрбиелеудің негізі" атты аудандық семинар өтті

Аудандағы білім беру ұйымдарында оқушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп» айлығы ұйымдастырылды. Бір айлық іс-шара «Заң мен тәртіп – адал бала тәрбиелеудің негізі» атты аудандық семинармен қорытындыланды.
Аталмыш жиынды аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаев жүргізді.
Семинардың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты адалдыққа, жауапкершілікке, заң талаптарын сақтауға тәрбиелеу, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және ата-ана, мектеп, қоғам арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту.

Іс-шараға аудан прокурорының орынбасары Р. Нұрлыбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова Санира, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ә. Нұрсұлтан, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы А. Жансейтов, белсенді жастар, мектеп басшылары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері, ата-аналар комитеті мен әкелер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ жоғары сынып оқушылары қатысты.

Семинар барысында аудан прокурорының орынбасары Р. Нұрлыбаев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлмшесінің бастығы Н. Тасқынбаев оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, профилактикалық шаралар және мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар, 2025–2026 оқу жылында есепте тұрған оқушылар мен қолайсыз отбасыларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдау шаралары туралы ақпарат берілді.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Жансейтов Азамат Әділгерейұлы жастардың әскери қызметке баруының маңыздылығы, Отан алдындағы борышты өтеудің азаматтық жауапкершілік пен патриоттық тәрбие қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

Семинар аясында жеке кәсіпкер, меценат Жайназаров Нартай Жантуарұлы өз өмір жолымен бөлісіп, еңбексүйгіштік, табандылық, адал еңбек арқылы жетістікке жетудің маңызын атап өтті. Ол жастарға мотивация беріп, мақсатқа жету жолында үздіксіз ізденіс пен сабыр қажет екенін жеткізді.
Сонымен қатар, ақын әрі белсенді ұстаз Д. Аманжолов педагогтің бала тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, мұғалімнің жеке үлгісі оқушының құқықтық және адамгершілік тәрбиесінде шешуші мәнге ие екенін айтты.
Жиында республикалық деңгейде танымал «Арал Ас» Жайдарман командасының жетекшісі, креативті педагог Т.Дәрмағамбетов сөз сөйлеп, жастармен тіл табысу, өнер мен тәрбие арқылы олардың саналы тұлға болып қалыптасуына ықпал ету жолдарымен бөлісті.
Сондай-ақ, қатысушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, бала тәрбиесіндегі заң мен тәртіптің орны, ата-ананың жауапкершілігі және мектеп пен қоғамның бірлескен жұмысының маңыздылығы кеңінен талқыланды.

Семинар соңында «Заң мен тәртіп» айлығы аясында өткізілген дебат және зияткерлік сайыстарының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.

Іс-шара музыкалық ән-шашумен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнерлі оқушылардың орындауындағы әндер семинардың мазмұнын байытып, тәрбиелік мәні зор шараның әсерін күшейте түсті.
Арал ауданы әкімінің баспасөз хатшысы 

31 қаңтар 2026 ж. 60 0