Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорқыт ата университетінің ғалымдары HORIZON-MSCA-2025 халықаралық жобасының жеңімпаздары атанды

Қорқыт ата университетінің ғалымдары HORIZON-MSCA-2025 халықаралық жобасының жеңімпаздары атанды

Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары HORIZON-MSCA-2025-SE-01-01 халықаралық бағдарламасы аясында су нысандарын мониторингілеуге арналған жетілдірілген кванттық лавиналық детекторларды әзірлеуге бағытталған AQUADETECT атты ғылыми-технологиялық жоба жеңімпаздары атанды.
Климаттың өзгеруі, теңіз деңгейінің көтерілуі, су тасқындарының жиілеуі және су экожүйелерінің деградациясы жағдайында су ресурстарын тиімді басқару қазіргі заманның басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Осыған байланысты су ортасының жай-күйін сапалы әрі жедел мониторингілеу экологиялық тепе-теңдікті сақтау және су экожүйелерін қорғау үшін аса маңызды.
AQUADETECT жобасы бір фотонды анықтауға жоғары сезімталдыққа ие жаңа буын датчиктерімен жабдықталған инновациялық LIDAR оптикалық жүйесін жасауға бағытталған. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, әзірленіп жатқан датчиктер фотондарды анықтау тиімділігі бойынша қолданыстағы коммерциялық аналогтардан 60%-ға жоғары көрсеткішке ие. Бұл нақты уақыт режимінде анағұрлым дәл деректер алуға және су ортасының үшөлшемді карталарын құруға мүмкіндік береді.
коркыт 2.jpeg
Жаңа технология мониторинг жүргізу уақытын қысқартып, шығындарды азайтады және өлшеулердің кеңістіктік дәлдігін арттыруға жол ашады. Жүйе су тасқыны қаупін бағалау, теңіз түбінің бедерін карталау, экожүйелерді талдау және суасты тіршілік орталарын мониторингілеу сияқты түрлі бағыттарда қолдануға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыруға Португалия, Германия, Түркия, Италия, Марокко, Украина, Қазақстан және Әзербайжан елдерінен жетекші ғалымдар мен инженерлер қатысуда. AQUADETECT жобасының нәтижелері тұрақты және экологиялық таза технологияларды дамытуға елеулі үлес қосып, Еуропалық Одақтың су ресурстарын қорғау және оларды ұтымды пайдалану жөніндегі бастамаларын қолдайды деп күтілуде.
Қазақстан тарапынан жобаның жетекшісі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,бас ғылыми қызметкер, химия ғылымдарының кандидаты Нұрбол Аппазов.
08 ақпан 2026 ж. 70 0