Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамыстыбас тұрғындарымен кездесу өтті

Қамыстыбас тұрғындарымен кездесу өтті

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстан Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының өкілдері Қамыстыбас елді мекенінде тұрғындармен кездесу ұйымдастырды. Басқосудың негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасының мән-маңызын түсіндіру, азаматтардың сұрақтарына жауап беру және қоғамға саяси өзгерістердің маңызын жеткізу болды.

Кездесуге коалиция жетекшісі, Базарбай Шөменұлы Төрахметов, коалиция мүшелері Талғат Мырзағұлұлы Қанатов, Дауренбек Жолдасұлы Мадинов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Нұрсауле Сайлауқызы Ембергенова, сонымен қатар Жастар ресурстық орталығының директоры Берік Бақытұлы Сұлтаниязов қатысты.
Коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасы мемлекеттің құқықтық және саяси жүйесін жетілдіруге бағытталғанын, билік тармақтарының өзара теңгерімін сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік басқаруды тиімді ету механизмдерін қамтитынын айтты.

Жаңа Конституцияда әлеуметтік мәселелерге ерекше мән берілген. Жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі болып белгіленеді, мемлекет азаматтардың денсаулығын сақтауға, сапалы білім алуға және әлеуметтік кепілдіктерге жауап береді. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты нақты құқықтық негізге ие болады.

Сонымен қатар, Конституция жобасында алғаш рет адами капитал – білім, ғылым және инновация ұлттық даму стратегиясының басты басымдықтары ретінде бекітілді. Бұл елдің ұзақ мерзімді дамуына, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Кездесу барысында жергілікті халық жаңа реформаларды қолдап, қоғам үшін маңызды өзгерістерге белсенді қатысуды білдірді.
Мұндай кездесулер азаматтардың саяси-құқықтық сауаттылығын арттырып, ел тағдырына бейжай қарамайтын белсенді азаматтық ұстаным қалыптастырады. Қамыстыбас тұрғындары жаңа Конституция жобасын әділетті, ашық және жауапты мемлекетті құруға бағытталған маңызды қадам деп бағалады.
#АМАНАТ
17 ақпан 2026 ж. 122 0