Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы Алғыс айту күніне орай бірқатар саланың қызметкерлерін марапаттады

Аймақ басшысы Алғыс айту күніне орай бірқатар саланың қызметкерлерін марапаттады

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Алғыс айту күніне орай “Достық үйінде” тұрғындардың қалыпты тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін салалардың қызметкерлерімен кездесті.
Оған Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылыққа құттықтауын жеткізіп, еңбек адамдарының мәртебесі қашанда биік екенін айтты.
“Жарқын көктеммен жарасым тапқан бұл мереке адамдар арасындағы сыйластық пен тілектестікті, ризашылық пен шынайы құрметті арттырады.
Айтулы күн қарсаңында тұрғындардың қалыпты тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін салаларда күннің ыстық-суығына қарамай, уақытпен санаспай еңбек ететін қызметкерлерге құрмет көрсету үшін бас қостық. Сондай-ақ қасиетті Отанымызды қорғауда патриотизмнің нағыз үлгісін көрсетіп, өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындайтын айбынды әскери қызметшілерімізге, құқық қорғау саласы қызметкерлеріне, сын сағатта қайсарлық танытып, өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігетін өрт сөндірушілер мен құтқарушыларымызға, шұғыл медициналық көмек көрсететін жедел жәрдем қызметкерлері мен жол саласы мамандарына, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген еріктілерімізге барша Сыр жұртшылығының атынан зор ризашылығымды, шынайы алғысымды білдіремін!
Сіздердің адал еңбектеріңіз барлық құрметке лайық.
Президентіміздің Жарлығымен жаңа Конституцияға арналған Республикалық референдумды 2026 жылғы
15 наурызда өткізу туралы шешім қабылданды.
Бұл – еліміздің жарқын келешегі үшін өз таңдауымызды жасап, қастерлі Отанымыздың берік негізін қалауға берілген тарихи мүмкіндік.
Конституция жобасында Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы сақталып, мемлекеттің унитарлы сипаты мен шекарасына, аумақтық тұтастығына қол сұғуға болмайтыны нақтыланған.
Елдігіміздің басты нышаны саналатын жаңа құжатта «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындалған.
Ұлтымыздың тарихына алтын әріппен жазылатын саяси маңызды кезеңде Сыр жұртшылығы жаңа Конституция жобасын қолдайды деп сенеміз.
Баршаңызды осы іске жоғары жауапкершілікпен белсенді атсалысуға шақырамын!
Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы жолындағы еңбектеріңіз жемісті әрі табысты болсын!”,- деді Н.Нәлібаев.
Жиында Руслан Рүстемов сөз сөйлеп, бірқатар сала мамандары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
01 наурыз 2026 ж. 126 0