Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада Ұлыстың ұлы күні қарсаңында 400 пәтерлік 10 тұрғын үй пайдалануға берілді

Қызылордада Ұлыстың ұлы күні қарсаңында 400 пәтерлік 10 тұрғын үй пайдалануға берілді

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағаларының қатысуымен сол жағалаудағы 400 пәтерлік 10 тұрғын үйді иелеріне табыстау рәсімі өтті. Қоныс тойын тойлаушылар – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар.

Аймақ басшысы құрылыс саласындағы ауқымды жұмыстарды атап өтіп, құттықтау лебізін жеткізді.

«Өңірімізде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамтуда, инфрақұрылымды қайта жаңғыртуда тиісті шаралар қабылданған. 2022 жылдан бері 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, пайдалануға берілді.
Азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясат нәтижелі іске асуда. Бүгін – мемлекеттің қолдауын сезініп, баспаналы болуға ниет еткен әрбір отбасы үшін ерекше қуанышты күн!
Қасиетті Рамазан айында, Наурыз мерекесі қарсаңында алған жаңа шаңырақтарыңыздың іргесі берік, керегесі кең, іші татулық пен берекеге толы болғай!», – деді Н.Нәлібаев.

Жиында тұрғын үйді сапалы етіп салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, қоғам қайраткері Имамадин Оңғарбаев бата берді.
Еске салайық, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер, кейінгі 3 жылда барлық ауданда алғаш рет жаңадан 1800-ге жуық пәтер табысталды.
Өткен жылы 2 477 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 36 млрд. теңге қаралса, биыл кезекте тұрған азаматтарға 2 400 пәтер табыстау үшін 55 млрд. 600 млн. теңге жоспарланған.
Соңғы жылдары қаламызда заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
19 наурыз 2026 ж. 64 0