«AMANAT»: Облыстық филиал төрағасы азаматтардың өтініштерін тыңдады
Kyzylorda-news.kz Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың жеке мәселелері бойынша өтініштерін тыңдады. Қабылдау барысында тұрғындар өздерін алаңдатқан әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді көтерді. Азаматтардың бірі баласының денсаулығына байланысты қажетті ем-шараларды уақытылы алу үшін қаржылай көмек сұрады. Бұл мәселе бойынша қайырымдылық көмек көрсету мүмкіндіктері қарастырылып, тиісті мекемелермен бірлесе отырып шешу жолдары зерделенетіні түсіндірілді. Сондай-ақ өтініш иесіне қосымша ақпарат берілетіні айтылды.
Сонымен қатар, тағы бір тұрғын үй құрылысын аяқтау үшін банктен қажетті көлемде несие ала алмай отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, зейнеткерлік жасқа байланысты банк талаптарына сәйкес келмеу себепті өтініші мақұлданбаған. Бұл мәселе бойынша өтініш иесіне қолданыстағы заңнама аясында толық түсіндірмелер берілді.
Филиал төрағасы әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, тиісті бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Азаматтардың өтініштері бақылауға алынып, олардың оң шешім табуына ықпал ету шаралары қарастырылатын болады.










