Облыс әкімі Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралады

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласында құрылысы қарқын алған әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен 20,5 млрд теңгеге салынып жатқан «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Жалпы аумағы 26 мың шаршы метр болатын кешенде 50 метрлік жүзу бассейні, Әлем, Азия ойындары секілді халықаралық жарыстар өткізуге арналған 2500 орындық зал, форумдар мен түрлі жиындарға арналған 300 орындық конференция залы қарастырылған.
Нысанның қасбеті заманауи архитектуралық үлгіде болады, витражы төзімді әйнекпен қапталады. Пайдалануға берілгеннен кейін оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бейімделеді. Нысанды осы жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланған.

Одан кейін облыс әкімі сол жағалаудағы 600 пәтерлік 5 және 9 қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жобаға 11 млрд 364 млн теңге қаралған, 33 мың шаршы метр заманауи тұрғын үй кешенінде 8 ойын және воркаут алаңы, 3 демалыс аймағы орналасады.

Бүгінде денсаулық сақтау саласында тың жобалар жүйелі жүзеге асырылып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Соның бірі – бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы.
Заманауи талаптарға сай нысан диагностиканың және емдеудің озық технологияларымен жабдықталып, халықаралық стандарттар негізінде қызмет көрсетеді.
«Мелиоратор» ЖШС салып жатқан, құрылысына 36 млрд 416 млн теңге бөлінген кешеннің аумағы 57 мың шаршы метр, 10 блоктан тұрады. Атап айтқанда, емхана, пансионат, конференция залы, асхана, физиотерапия, қабылдау, әкімшілік, реанимация, химиотерапия және радиотерапия, операциялық бөлімдер қамтылған.
Сонымен қатар облыс әкімі Титов шағын ауданында салынып жатқан, бір ауысымда 400 келушіні қабылдайтын емханадағы жұмыс барысын көрді. Құрылысқа 9 млрд 823 млн теңге қаралған, аумағы 9 мың шаршы метр болатын заманауи емханада балалар мен ересектерге арналған емдеу-профилактикалық бөлімшелер, функционалдық диагностика және стоматология кабинеттері қарастырылған. Нысанды осы жылы халық игілігіне беру жоспарланған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










