Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында 41 657 гектар күріш алқабы суға бастырылды

Қызылорда облысында 41 657 гектар күріш алқабы суға бастырылды

Қызылорда облысында күріш алқаптарын суару жұмыстары басталды. Қазіргі таңда 49 857 гектар жерге күріш дәні себіліп, 41 657 гектар егістікке су жіберілді.
Еске салсақ, биылғы вегетация кезеңінде Қызылорда облысында күріш егісінің көлемі 70 мың гектардан аспауы тиіс. Суды ұтымды әрі тиімді пайдалану мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі өңірге 3,2 млрд текше метр көлемінде су пайдалану лимитін бекітті.
Белгіленген лимиттерді ескере отырып, облыстағы шаруа қожалықтары егіс құрылымын әртараптандыру бойынша жұмыс атқаруда.
«Қазіргі уақытта суару суын бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз «Қазсушар» облыстық филиалымен тұрақты байланыстамыз және суды бекітілген кестеге сәйкес алып отырмыз», – деді «Мәді Қажы» ЖШС басшысы Жасұлан Тұрлыбеков.
«Шаруа қожалықтарына су беру бекітілген кестеге сәйкес толық жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде филиалымыз диқандармен каналдар арқылы су жеткізу бойынша 928 келісімшарт жасасты», – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Нажмадин Шамұратов.
syrboyi.kz
21 мамыр 2026 ж. 15 0