Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазғы лагерь маусымына дайындық пысықталды

Жазғы лагерь маусымына дайындық пысықталды

Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігі мен сапалы тынығуын қамтамасыз ету – басты назарда.
Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында аудандық мәслихаттың және партия филиалының төрағасы Төрахметов Базарбай Шөменұлы, партия филиалының Атқарушы хатшысы Қанатов Талғат Мырзағұлұлы және аудандық мәслихат депутаты Алипов Болатбек Ғалитұлы “Қамбаш” олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында болып, жазғы лагерге дайындық жұмыстарын зерделеді.

Орталықта биылғы жазғы маусым жоғары деңгейде ұйымдастырылмақ. Жоспарға сәйкес лагерь 7 ауысым бойынша жұмыс жүргізеді. Жалпы саны 910 оқушыны қамту көзделіп отыр. Әр ауысымда 130 бала тынығып, түрлі танымдық және тәрбиелік шараларға қатысады. Бұл – аудан балаларының жазғы демалысын мазмұнды өткізуге жасалып отырған үлкен мүмкіндік.
Мониторинг барысында жауапты мамандар лагерь аумағындағы дайындық жұмыстарын таныстырып, балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше назар аударылғанын жеткізді. Демалушыларға арналған жатын орындар талапқа сай жабдықталған. Асхана толық дайындықтан өткізіліп, санитарлық талаптарға сәйкестендірілген. Сонымен қатар балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған бассейн де маусымға әзір.

Лагерь жұмысын сапалы ұйымдастыру үшін арнайы тәрбиешілер мен жауапты мамандар бекітілген. Олар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, тәрбиелік, мәдени және спорттық бағыттағы шаралардың жүйелі өтуіне жауапты болады. Әр ауысым барысында оқушыларға арналған зияткерлік ойындар, шығармашылық байқаулар, спорттық жарыстар мен танымдық кездесулер өткізу жоспарланған.
Кездесу барысында сала мамандары 1 маусымнан бастап балаларды қабылдау басталатынын атап өтті. Жауаптылар лагерьдің балалардың қауіпсіз әрі көңілді демалуына барлық жағдай жасайтынын айтты.
#АМАНАТ 
22 мамыр 2026 ж. 3 0