Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы инвестициялық жобалардың жұмысымен танысты

Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы инвестициялық жобалардың жұмысымен танысты

Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту және өндірістік әлеуетті дамыту мақсатында инвесторларды қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және олардың іске асырылу барысын зерделеу мақсатында ұйымдастырылған «Инвест керуен» аясында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Темірханұлы Зебешев пен Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Кәрімұлы Ожаров Жаңақорған және Шиелі аудандарына жұмыс сапарымен барып, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық және өндірістік жобалардың жұмыс барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында Жаңақорған ауданындағы «Жан-Арай» ЖШС агроөнеркәсіптік кешені, «Caspian Services Asia» ЖШС жол бойындағы сервистік кешені және «Шалқия Тас» ЖШС өндірістік нысандарының қызметі зерделенді. Сонымен қатар кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті мен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды.
Сондай-ақ Шиелі ауданында «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-нің көп функционалды жол бойы кешені, «Тесис» ЖШС күн электр станциясы, ЖК «Тұрлыбаев Досжан» күріш өңдеу зауыты және «Transshipment» ЖШС күкірт қышқылын тиеп-түсіру пунктінің жұмысы қаралды.
Сапар барысында кәсіпорындардың өндірістік қызметі бағаланып, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелер, өндірістік әлеуетті арттыру және инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Атап өту қажет, өңірде 2026-2029 жылдары экономиканы әртараптандыру мақсатында жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны іске асыру және 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде, 2026 жылы құны 100 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді деп күтілуде.
08 маусым 2026 ж. 46 0