Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді?
1 шілдеден бастап елде бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуінен бастап банктердің бірыңғай QR жүйесіне көшуі, ұлттық валютаның жазылуының өзгеруі, қалаларды жоспарлаудың жаңа тәртібі, ауа райы болжамы мен басқа да жаңашылдықтарды бір материалға жинадық.
Қазақстандықтарды 1 шілдеден бастап қандай өзгерістер күтіп тұр? BAQ.KZ тілшісі шолуынан оқи аласыздар.
1 шілдеден ауа райы қандай болады?
Шілде айында Қазақстанның басым бөлігінде жылдағы ең жоғары ауа температурасы тіркеледі. «Қазгидрометтің» көпжылдық деректеріне сәйкес, солтүстік және шығыс өңірлерде орташа температура +18...+23 градус, ал оңтүстікте +28...+30 градусқа дейін көтеріледі.
Еліміздің оңтүстік, батыс және орталық аймақтарында күндізгі ауа температурасы кей күндері +47...+50 градусқа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар шілдеде нөсер жаңбыр, найзағай мен бұршақ жиілейді. Солтүстік өңірлерде жауын-шашын көбірек түссе, оңтүстік облыстарда құрғақшылық қаупі сақталады.
Синоптиктер кейбір жылдары шілде айында түнгі уақытта солтүстік және шығыс өңірлерде ауа температурасы 0...+5 градусқа дейін төмендеуі мүмкін екенін де атап өтті.
Шілдеде қанша күн демаламыз?
2026 жылдың шілде айында қазақстандықтарды Астана күніне байланысты қосымша демалыс күні күтіп тұр. Биыл 6 шілде дүйсенбіге сәйкес келеді, сондықтан бес күндік жұмыс аптасында еңбек ететіндер қатарынан үш күн – 4, 5 және 6 шілдеде демалады.
Бес күндік жұмыс аптасы бойынша:
- 4 шілде (сенбі) – демалыс;
- 5 шілде (жексенбі) – демалыс;
- 6 шілде (дүйсенбі) – Астана күніне байланысты мереке.
Осылайша, шілде айында бес күндік жұмыс аптасымен еңбек ететін қазақстандықтар үшін 9 демалыс күні және 22 жұмыс күні болады. Ал алты күндік жұмыс аптасындағылар 5 күн демалып, 26 күн жұмыс істейді.
Енді Қазақстанда тек бір QR-код болады
19 шілдеден бастап Қазақстанда банкаралық бірыңғай QR төлем жүйесі іске қосылады. Бұл жаңашылдықтың арқасында қазақстандықтар қай банктің қосымшасын пайдаланса да, кез келген банк ұсынған QR-код арқылы төлем жасай алады.
Бұған дейін әр банк өз QR жүйесімен ғана жұмыс істейтін. Ал жаңа жүйе түрлі банктердің төлем сервистерін өзара біріктіріп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 19 шілдеге дейін екінші деңгейлі барлық банктер бірыңғай QR жүйесіне қосылуы тиіс. Жаңа жүйені енгізу үшін қажетті заңнамалық негіз биыл қабылданған.
Депутаттар жұмысын тоқтатады
Жаңа Конституция жобасының 95-бабына сәйкес, 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституция негізінде құрылған Парламент 2026 жылғы 1 шілдеден бастап өз өкілеттігін тоқтатады. Осылайша, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының өкілеттігі де аяқталады. Сол күннен бастап жаңа парламент – Құрылтай өз жұмысын бастайды. Ал Құрылтай сайлауы тамыз айында өтеді.
Жаңа Конституция күшіне енеді
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция ресми түрде күшіне енеді. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Ата заң елдің мемлекеттік басқару жүйесіне, Парламенттің құрылымына және бірқатар конституциялық институттарға өзгеріс енгізеді. Жаңа Конституция елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Құжатта мемлекеттік билік тармақтарының құрылымы қайта қаралып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты жаңа нормалар енгізілген. Сондай-ақ бірқатар заңдар мен нормативтік құқықтық актілер жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіріледі.
Аулаға көлік қою ережесі өзгереді
1 шілдеден бастап көпқабатты үйлердің аулаларында көлікті кез келген жерге қоя беруге болмайды. Жаңа талапқа сәйкес, көлікті тротуарларға, балалар және спорт алаңдарына, көгалдар мен жасыл желек өсетін аумақтарға, қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдарға және олардың айналасына және арнайы автотұрақ ретінде белгіленбеген басқа да орындарға қоюға тыйым салынады.
Бұл талаптарды бұзғандарға 1,2 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Теңгеге қатысты өзгеріс болады
1 шілдеден бастап Қазақстанда ұлттық валютаның атауы ресми түрде «теңге» болып жазылады.
Осы күннен бастап күшіне енетін өзгерістерге сәйкес, Салық кодексінің бүкіл мәтініндегі «тенге» сөзі мемлекеттік тілдегі дұрыс нұсқасы – «теңге» деп өзгертіледі.
Бұл өзгеріс жаңа құжаттар мен заңнамалық актілерге ғана қолданылады. Бұған дейін берілген құжаттарды қайта рәсімдеу немесе өзгерту талап етілмейді.
Қалаларды жоспарлау ережесі өзгереді
1 шілдеден бастап Қазақстанда бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеудің жаңа тәртібі күшіне енеді.
Жаңа ережеге сәйкес, қалалардың бас жоспарларын әзірлеу мен түзету жұмыстары енді тек жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Ал кейбір егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының шығынын инвесторлар өз мойнына ала алады.
Сондай-ақ бас жоспарлар мен жоспарлау жобалары міндетті түрде қоғамдық тыңдаудан, мәслихаттың келісімінен және кешенді сараптамадан өтуі тиіс. Қоғамдық талқылау өтті деп есептелуі үшін оған кемінде 50 жеке және заңды тұлға қатысуы қажет. Егер қатысушылар саны жеткіліксіз болса, әкімдік бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
Бұдан бөлек, жаңа құжаттарда елді мекендердің дизайн-коды, сәулеттік стилі, ғимараттардың қабаттылығы мен түс үйлесімі ескеріледі. Сонымен қатар сейсмикалық, сел және көшкін қаупіне ерекше назар аударылады.
Грант конкурына құжат қабылдау басталады
Негізгі ҰБТ 16 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады.
Биылғы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі 16 мамырда басталды. Талапкерлер тестілеуді өздері таңдаған күн мен уақытта тапсырады. Ал жоғары оқу орындарының білім гранттары конкурсына қатысу үшін құжаттар 13-20 шілде аралығында қабылданады.
Фото: baq.kz










