Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал қаласының әкімі Р. Жанаевтың қала тұрғындарына ҮНДЕУІ

Арал қаласының әкімі Р. Жанаевтың қала тұрғындарына ҮНДЕУІ

Құрметті Арал қаласының тұрғындары мен қала қонақтары!

Ардақты ағайын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жариялануы – ұрпаққа үлгі болудың ізгі жолы. Тәртіп – ерік-жігерді ақылға бағындырудан басталып, күш-қайратты парасатпен басқаруға жетелейді.

Елдің азаматын қалыптастыру үшін ең алдымен мемлекет алдындағы жауапкершілікті терең сезінуіміз керек. Күнделікті әрекетімізге мән беріп, Отанға деген сүйіспеншілік - отбасымыздан, «Таза Қазақстан» - табалдырығымыздан басталатынын ұмытпасақ игі.

Бұған дейін Арал қаласында 50 ден астам сенбілік өтті. Президентіміз ұрпақтар сабақтастығын нығайтқан бұл шараның тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

Дегенмен экологиялық мәдениетті қалыптастыруда әрбір тұрғынның өзіндік үлесін қосуы маңызды екендігін толық сезінбей келеміз.

Құрметті аралдықтар!

Қаламыздың көркін кіргізіп, тазалығына белсенді атсалысып жүрген әр тұрғынға алғысымды білдіремін. Дегенмен, тазалық – тазаланған жерде емес, ластанбаған жерде сақталады. Қаламызға деген жанашырлығымыз маусымдық шарамен шектелмейді деп сенемін. Айдынды Аралымыздың келбетін сақтау, киесі мен қасиетін құрметтеу – елдігіміздің айнасы.

Сөзіңді түзе - әдетіңе айналады, Әдетің - мінезіңе айналады, Мінезің - сенің тағдырың – деп Шәкәрім Құдайбердіұлы атап кеткендей тазалық мәселесін күнделікті әдетімізге айналдырып туған жерімізге сай бірлігімізбен, жарасымды тірлігімізбен ерекшеленіп, баршаңызды қаламыздың түрленуі мен гүлденуіне үлес қосуға шақырамын!

Сіздерге деген құрметпен, Арал қаласының әкімі Жанаев Ренат Қуанғанұлы.

27 маусым 2026 ж. 27 0