Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагер ұстаз, қарт қаламгер 80 жаста

Ардагер ұстаз, қарт қаламгер 80 жаста

Кеше аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер ұстаз, қаламгер Иманбай Әйтімұлының 80 жылдық мерейтойына орай «Ұшқыр ойлы қаламгер» атты мәдени-рухани кездесу кеші өтті.

Іс-шара алдында мәдениет үйінің фойесінде мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап, фотокөрме және мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Саналы ғұмырын білім беру ісіне, журналистика саласына және ұлттық руханиятты дамытуға арнаған Иманбай Әйтімұлының өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, оның ұстаздық, журналистік және қаламгерлік қызметін көпшілікке таныстыру мақсатында өткен кешке аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаев қатысып, ізгі лебізін білдіріп, ерекше құрмет көрсетті.

Рухани шара барысында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың арнайы құттықтауын жеткізіп, мерейтой иесіне шапан, өмірлік жары Гүлтұрсынға жаулық жапты.

Аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі А.Сайлауов кеш барысында И.Әйтімұлымен сұхбат жүргізіп, оның ұстаздық және журналистік жолы, шығармашылық ізденістері сөз болып, жас журналистерге арналған тағылымды ойлар айтылды.

Іс-шараға қатысқан өзге де замандас әріптестері, шәкірттері және зиялы қауым өкілдері мерейтой иесіне ізгі тілектері мен құттықтауларын жеткізіп, оның білім беру, журналистика және руханият салаларының дамуына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті.

Мерейтой иесіне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, күйші-сазгер, Арал ауданының Құрметті азаматы Ж.Жақып құттықтау лебізін білдірді. Ал шәкірті, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Толқын» газетінің тілшісі А.Елеш ұстазына арнаған өлеңін оқыды.

И.Әйтімұлының 80 жылдығы аясында аудандық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың әдіскерлері арасында шығармашылық байқау өткен болатын.

Бүгінгі кеште аталмыш байқаудың жүлдегерлері мен жеңімпаздары марапатталды.

Жүлделі ІІІ орынды Сазды ауылдық клубының әдіскері М.Құлназарқызы иеленсе, ІІ орын Аманөткел ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Р.Бейбітқызына бұйырды. Сондай-ақ жүлделі І орын Абай ауылдық клубының әдіскері Г.Сыдыққызына табысталды.

Байқаудың бас жүлдесі Қамыстыбас ауылдық клубының әдіскері Г.Нұрбайқызына бұйырды.

Бүгінгі кездесу ұстаз әрі қаламгердің көп жылдық еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болып, ұлттық руханиятты, туған өлке тарихын және сөз өнерінің қадір-қасиетін насихаттауға арналды.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

09 шілде 2026 ж. 45 0