Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тағылымы мол туынды

Тағылымы мол туынды

Жастар елдің ертеңі екендігі бәрімізге аян. Олардың білімі мен тәрбиесімен қатар рухани, мәдени бағытта дамуы аса маңызды. Қазіргі таңда ғаламтор орнына түрлі энциклопедиямен, планшет орнына кітаппен дос болатын жастарды көп көре бермейміз. Осы бағытты қолға алу мақсатында жақында №59 орта мектебінде ардагер ұстаз, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әйтімов Иманбай Әйтімұлымен танымы мен тағылымы мол кездесу кеші болып өтті.
 Басқосуға себеп болған Иманбай Әйтімұлының «Алғашқы құрбан» атты кітабының тұсаукесер рәсімі. Кеш қонақтарының қатарында Қазақстан Журналистер және  Жазушылар одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы Жұмабай Жақып, Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Абай Елеш, ауылдық емхана басшысы Толыбаев Ізен және әкімшілік атынан Жаукеев Ерімбет ағаларымыз болды.
Кеш барысында мектеп директоры Ақжанова Үміт Жақсылыққызы алғашқы сөз кезегін алып, өзінің құттықтауын білдірді. Кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізу мәртебесі Жұмабай Жақып және Абай Елеш ағаларымызға берілді. Әсерлі, тағылымы мол кешті өнерпаз оқушылар Ақбаева Инабат пен Зейнехан Айсана  әсем әндерімен көркемдеді.
Қаламгер ағамыз оқушылар тарапынан қойылған сауалдарға берген жауабында өзінің балалық шағы, өмір жолы мен еңбек жолы туралы және жарыққа шыққан кітабының мазмұнын айтып өтті. Кеш соңында мектеп директоры Ақжанова Үміт қаламгер ағаларға алғысын білдіріп, естелік сыйлық табыстады.
"Толқын" ақпарат


13 қаңтар 2024 ж. 654 0