Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Медиа және журналистика мектебі»: Жаңа жоба қанатын қақты

«Медиа және журналистика мектебі»: Жаңа жоба қанатын қақты

Осыдан тура бір ғасыр бұрын қазақ жастарына, қазақ шәкірттеріне арналған «Балапан» журналы жарық көргенде Мағжан Жұмабаев: «Балапан қанат қақты» деп алғысөзін жазып, алғадай сүйіншімен барша қазақ баласын қуана құттықтаған болатын. Себебі, ол күнде Ахаңша айтқанда, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» еді.
Мінекей, бүгін сол игі, ізгіліктің жаршысындай болған істің жалғасындай болсын деген зор үмітпен туған ойымыз мектебіміздің 50 жылдық тарихында мәңгі қалады. Ауданымыз бойынша мектеп аясындағы медиа саласына арналған тұңғыш жобада еліміздің ертеңі деп сенген жас жүрек шәкірттерімізге арнап «Медиа және журналистика мектебі» атты үлкен жобаны қолға алдық.
Жобамыздың негізгі мақсаты – оқушыларды заман талабына сай журналистика саласына бейімдеу. Бүгінгі таңдағы сан-салалы журналистиканы тамшыдай болсын меңгеру – оқушылар үшін үлкен өмір мектебіне нұрлы бір қадам болары сөзсіз.
Осы жақсы ісіміздің ашылу салтанатының алғашқы куәгері болсын, ақ батасын, жақсы тілек-лебізін алайық деп өлкеміздің тұлғаларын қонақ ретінде шақырдық.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, күйші, аудандық «З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестігінің» төрағасы Жұмабай Жақып, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, зейнеткер ұстаз, «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы, зейнеткер ұстаз Бекболат Сәдуақасов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Абай Елеш, Арал аудандық білім бөлімінің әдіскері Назгүл Молжігітова, «AMANAT» партиясының аудандық филиалынан Ханзада Құдайбергенова қонақта болып, арнайы жұмыс кабинетінің лентасын қиды. Қадірлі қонақтар жаңа ісімізге ізгі лебіздерін білдіріп, жобаның өміршең болуын тілеп, үлкен сенім артты.
Мектеп директоры Әліби Әбілбайұлы «Медиа және журналистика» жобасының кең ауқымды жоспарымен таныстырып, алдағы уақытта шәкірттерімізді шыңдап, үлкен жетістіктерге қарай қанат қақтыруға, ең бастысы, заман көшіне ілесер бір саланың тетігін ұстап, қоғамның ең керекті «бір кірпіші» боп қалануына мектеп мұғалімдерімен бірге күш-жігер салатындығын айтты.
Жоба аясында бірлесе жұмыс жасап, шығармашылық байланысты нығайта түсу үшін мектеп директоры Әліби Әбілбаев пен «Толқын» газетінің бас редакторы Абай Елеш меморандумға қол қойды.
Ақпараттар ағыны, «Шәкірт ойы» газеті, «Пайдалы подкаст» видеоформаты тақырыбындағы 3 бағытта жұмыс жасайтын "Медиа және журналистика мектебі" алғашқы бағыт бойынша мектеп тыныс-тіршілігіндегі білім, өнер, мәдениет, спорт тақырыбындағы елең еткізер жаңалықтарды әлеуметтік желілер арқылы жариялап, ақпаратты сараптап, қоғам назарына ұсынса, екінші бағыт аясында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың атақты «Шәкірт ойы» өлеңінің атауын символикалық түрде алып, газет шығару, оқушыларға мақала жаздыру, ақпаратты талдау, сараптау, жинақтау, интерпретация жасауға бейімдеу болып табылады. Ал үшіншісі – заман талабын ескеріп, Youtube видеохостингіне «Пайдалы подкаст» атты жаңа подкаст шығару. Қоғамға еңбегі сінген тұлғалардан сұхбат алып, әртүрлі тақырыптар төңірегінде ой жарыстыру, пікір алмасу. Оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер үшін креативті идеялар ұсыну.
Алдағы уақытта жас қаламгерлердің жағымды жаңалықтары олардың болашағына жол ашарлық жарқын бастама боларына сенесіз.
Дархан АМАНЖОЛҰЛЫ
22 желтоқсан 2023 ж. 465 0