Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалылық белгілі журналист өмірден өтті

Қазалылық белгілі журналист өмірден өтті

Белгілі журналист, ақын, прозашы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының «Ақпарат саласының үздігі», Қазалы ауданының Құрметті азаматы Жұмабек Айдарбекұлы Табынбаев дүниеден озды.Жұмабек Айдарбекұлы бүкіл саналы ғұмырын ел руханияты мен бұқаралық ақпарат саласына арнады. Еңбек жолын 1978 жылы бастап, әр жылдары түрлі салада қызмет атқарды. 2001 жылдан аудандық «Қазыналы Қазалы», «Тұран Қазалы» газеттерінде әдеби қызметкер болып еңбек етсе, кейін облыстық «Сыр бойы» газетінде, республикалық «Халық» газетінің Қазалы және Арал аудандары бойынша меншікті тілшісі ретінде абыройлы қызмет атқарды. Ол өз қаламымен елдің мұңын мұңдап, халықтың сөзін сөйлеген, шындықты ту еткен журналист болды.

Жұмабек Табынбаев тек журналист қана емес, ақын әрі прозашы ретінде де қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның «Өмір – керуен», «Соғыс туралы шындық», «Жадымдасың, жарқын бейне», «Қара кемпір», «Мен қайта оралдым» кітаптары оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Сонымен қатар «Сыр бойы» газетінде жарық көрген «Сағыныштан сарғайған Сібір», «Тәлкекке түскен тағдыр», «Қасиеттен аттаған қасірет», «Жанқожа батыр» секілді көркем туындылары арқылы ұлттық әдебиет пен публицистиканың дамуына сүбелі үлес қосты.

Ерен еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Бірнеше мәрте «Жыл журналисі» атанып, облыстық және республикалық деңгейдегі көптеген марапаттарға ие болды. 2020 жылы оған Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.

Жұмабек Айдарбекұлының кәсіби біліктілігі, азаматтық ұстанымы, адамгершілік болмысы мен өнегелі ғұмыры әріптестері мен кейінгі буын журналистер үшін әрдайым үлгі болып қала береді. Оның жарқын бейнесі мен есімі ел жадында мәңгі сақталады.

Марқұмның отбасы мен туған-туыстарының, жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы саламат, жаны жәннатта болсын.

qazaly.kz
11 шілде 2026 ж. 74 0