Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтықтың алдын алуға арналған семинар

Алаяқтықтың алдын алуға арналған семинар

Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қызылорда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті аудан тұрғындарына алаяқтықтың алдын алу үшін түсіндіме жұмыстарын жүргізу мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында семинар өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаевтың төрағалығымен өткен жиынға облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Майра Оралбаева мен Шыңғысхан Досжанов, аудан тұрғындары, кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған М.Оралбаева семинарға қатысушыларға бейнематериалдар арқылы арнайы сюжеттер көрсетіп, алаяқтықтың, лудомания мен қаржы пирамидаларының соңы неге соқтыратынын айтып өтті. Қазіргі таңда тек жастардың ғана емес, ересектер, тіпті әйелдер арасында да осындай қоғамның қиындықтары орын алып жатқанын жеткізіп, аталған нәрселерден аулақ болудың, баланың немен айналысып жүргеніне қадағалау жасаудың қажеттігін атап өтті.
Ал Ш.Досжанов өз кезегінде:
– Қазіргі таңда, Департаментпен қаржы пирамидаларын анықтау, олардың заңсыз қызметін тоқтату, ұйымдастырушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту және жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Есептік кезеңде қаржылық пирамидаларға қатысты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 5 қаржылық пирамиданың жолы кесілді. Тергеп-тексеру барысында жәбірленушілерге келтірілген жалпы залал соммасы 59 075 531 теңгені құраған. Соттың заңды күшіне енген үкімдері негізінде мемлекет кірісіне құны 5 604 000 теңге болатын автокөлік және 2 947 945 USDT криптоактивтер тәркіленген.
Департамент әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда қаржы пирамидаларын насихаттайтын заңсыз контентті анықтау бойынша да тұрақты мониторинг жүргізуде. Нәтижесінде қазіргі уақытқа дейін департаментпен қаржы пирамидасының белгісі бар 3500-ден астам сайт бұғатталды.
Жақында «Fari Invest» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті аталған қаржы пирамидасының заңсыз қызметін әшкерелеп, оның жолын кесті.
Атап айтқанда, Қызылорда қаласының тұрғыны әйелдер киімін сататын дүкен ашып, әлеуетті салымшылармен байланыс орнатқан. Кейін «WhatsApp» мессенджерінде «Бай Қыздар» атты топ құрып, «Fari_Invest» инвестициялық жобасы арқылы салынған қаражатқа жоғары табыс төленетінін, сондай-ақ белгілі бір мөлшерде қаржы салған азаматтарға алтын бұйымдар мен «iPhone» ұялы телефоны сыйлыққа берілетінін уәде еткен. Сенімге кіру үшін анасының атына бірнеше екінші деңгейлі банкте жеке кәсіпкерлікке арналған шоттар ашқызып, оларды өз қызметінде пайдаланған.
Жаңа салымшыларды тартқан қатысушыларға қосымша сыйақы берілетінін хабарлап, азаматтардың сеніміне кіріп, олардың қаражатын жеке басының пайдасына пайдаланған.
Сот үкімімен аталған азаматша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-бөлігінің 2 тармағымен кінәлі деп танылып, азаматтардың ақшалай қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға айырылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Бірақ азаматшаға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігі қолданылып, сотталғанның он төрт жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу 5 жылға дейін, бірақ баласы 14 жасқа толғаннан асырмай кейінге қалдырылды. Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, сотталғаннан келтірілген материалдық залалды өндіру туралы шешім қабылдады.
Қаржы пирамидасын ұйымдастыру – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын ауыр құқық бұзушылықтардың бірі. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес, қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық еткен кінәлі тұлғаларға 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қаржы пирамидаларын ұйымдастырумен қатар оларды жарнамалау да қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Соңғы жылдары алаяқтар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, танымал блогерлер мен түрлі интернет-платформаларды пайдалану арқылы азаматтарды заңсыз қаржы жобаларына тартуға тырысуда, – деп, азаматтарды сақ болуға, инвестициялық ұсыныстарды мұқият зерделеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Шара соңында қатысушылардың ұсыныстары тыңдалып, алаяқтықпен жеңіл ақша табуды көздегендердің жолын кесіп келе жатқан азаматтардың жұмысына сәттілік тіледі.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
06 тамыз 2026 ж. 42 0