«ҚАМБАШ FEST»: Өнер мен әуен тоғысқан ерекше кеш
Қасиетті Арал төріндегі көрікті Қамбаш көлінің жағасында вокалды-аспапты ансамбльдердің облыстық «ҚАМБАШ FEST» фестивалі өтті.Өнер додасына Қызылорда облысының әр өңірінен келген вокалды-аспапты ансамбльдер қатысып, көрерменге өздерінің шығармашылық бағдарламаларын ұсынды.
Табиғаты тамылжыған Қамбаш жағалауында ашық аспан астында өткен мәдени шарада әсем ән мен сырлы саз, жанды дауыс пен заманауи эстрадалық әуендер үйлесім тауып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Фестиваль талаптарына сәйкес өнер ұжымдары екі ән және бір музыкалық шығармадан орындап, аспаптарды толық құрамда пайдаланды. Қатысушылар өз туындыларын жанды дауыста орындап, орындаушылық шеберлігі мен шығармашылық ізденістерін көрсетті.
Әр ансамбль өзіндік орындаушылық мәнерімен ерекшеленіп, жастықтың жалынды үнін, халыққа жақын әуендерді және заманауи музыканың қуатты ырғағын көрермен назарына ұсынды.
Шара барысында үздік өнер көрсеткен қатысушылар марапатталып, барлық өнер ұжымдарына кұрмет көрсетті.
«ҚАМБАШ FEST» – өнерпаздарды бір арнаға тоғыстырып, шығармашылық достықты нығайтқан, музыкалық өнердің дамуына серпін берген тағылымды мәдени алаңға айналды.
Қамбаштың қоңыр самалымен үндескен әсем әуен көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, фестиваль қатысушылары мен көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі












