КӨГІЛДІР ОТЫН ҚҰНЫНА ҚАТЫСТЫ ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАДЫ
Арал ауданы тұрғындары тарапынан көгілдір отынның бағасы мен тұтынушыларға есептелетін газ құнына қатысты мәселе көтерілген еді. Тұрғындардың алаңдаушылығына негіз болған жайт тиісті мемлекеттік органның назарына алынып, нәтижесінде тұтынушылардың құқықтары қалпына келтірілді.Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне Арал ауданы тұрғындарынан «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының әрекеттеріне қатысты ұжымдық өтініш келіп түскен.
Тұрғындар көтерген мәселенің бірі – тұтынылған газ көлемінің дұрыс есептелуі және соған сәйкес төлемнің белгіленуі. Бұл – көгілдір отын пайдаланатын әрбір отбасы үшін маңызды мәселе. Себебі есептегіш құрал көрсеткіші мен төлем түбіртегіндегі көрсеткіштің сәйкес келуі тұтынушы құқығының сақталуындағы негізгі талаптардың бірі.
Департамент тарапынан аталған өтініш жан-жақты қаралып, тиісті талдау жүргізілді. Осының салдарынан бірқатар жағдайда тауарлық газды тұтыну көлемі есепке алу құралдарының нақты көрсеткіштері бойынша емес, белгіленген норматив негізінде есептелген.
Бұл жағдай тұтынушылардың мүддесіне тікелей әсер ететіндіктен, Департамент тарапынан мәселенің заңдылығы мен негізділігіне тиісті баға берілді.
Сонымен қатар Департамент 2025 жыл мен 2026 жылдың бірінші тоқсаны аралығындағы кезең бойынша Арал ауданының тауарлық газды бөлшек саудада өткізу нарығына талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы аталған тауар нарығында үстем жағдайға ие нарық субъектісі деп танылды.
Жинақталған материалдарды зерделеу барысында филиалдың әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылық белгілері анықталған.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабының 1-тармағына сәйкес филиалға тиісті хабарлама шығарылды.
Ең бастысы – аталған хабарлама толық көлемде орындалды. «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы тұтынушыларға тұтынылған газ құнын қайта есептеп берді. Нәтижесінде Арал ауданы тұрғындарының бұзылған құқықтары реттеліп, тұтынушылардың мүддесі қорғалды.
Бұл жағдай тұрғындар тарапынан көтерілген мәселенің тиісті мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалмайтынын көрсетеді. Әсіресе халық күнделікті тұтынатын табиғи газ секілді әлеуметтік маңызы бар тауарға қатысты есеп-қисаптың ашық әрі нақты жүргізілуі аса маңызды.
Тұтынушы пайдаланған газ көлеміне сәйкес ақы төлеуі тиіс. Ал есеп жүргізу кезінде нақты көрсеткіштердің ескерілмеуі немесе заңнама талаптарының сақталмауы азаматтардың наразылығын туғызуы заңды. Сондықтан Арал тұрғындары көтерген мәселенің оң шешімін табуы – азаматтардың өз құқықтарын қорғауға бағытталған өтініштерінің нәтижесіз қалмайтынының нақты мысалы.
Көгілдір отынның құны мен есептелуіне қатысты тұрғындардың мәселесі осылайша тиісті деңгейде қаралып, тұтынушылардың құқықтары қалпына келтірілді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









