Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың 1 қыркүйек - Білім күніне орай мерекелік құттықтауы

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың 1 қыркүйек - Білім күніне орай мерекелік құттықтауы

ҚҰРМЕТТІ ҰСТАЗДАР, ОҚУШЫЛАР ЖӘНЕ АТА-АНАЛАР!

Сіздерді 1 қыркүйек – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын!
Білім күні әр отбасы үшін ерекше толқыныс пен қуанышқа толы, жаңа үміттер мен жарқын мақсаттарға бастайтын айтулы күн.
Білім саласының ел болашағы үшін маңызы ерекше. Ақорда төрінде өткен Тамыз кеңесінің ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Білім жолы – сынағы мен қиындығы көп жол. Осы жолда табысқа жетіп, бейнеттің зейнетін көру үшін, ең алдымен, табанды еңбек ету қажет. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз – бір, мүддеміз – ортақ екенін естен шығармаған абзал», – деп атап өтті.
Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде ұстаздардың еңбегі айрықша. Ауданымыздың білім саласында көптеген тәжірибелі ұстаздар еңбек етіп, шәкірттерінің биік белестерді бағындыруына өз үлестерін қосып келеді.
Қазір білім мен мүмкіндіктер заманы. Баланың болашағы үшін салынған инвестицияның қайтарымы болатынын әлдеқашан мойындаған ел ретінде осы салаға деген қолдау айрықша маңызға ие болып келеді.
Биыл ауданымызда жаңа оқу жылында 49 мектепте 17 501 оқушы, оның ішінде 1760 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам басты. Ал 1137 оқушы 11 сыныпқа барып, алтын ұяларындағы соңғы оқу жылын өткізеді.
Өткен оқу жылында аудан оқушылары білім додаларында, пәндік олимпиадалар мен түрлі байқауларда жүлделі орын иеленіп, ауданымыздың абыройын асқақтатты. Бұл қатарға ұстаздар қауымын да қосуға болады.
Облыс орталығында жаңа оқу жылына арналған тамыз кеңесінде бірқатар ұстаздар қауымы құрмет төрінен табылды. Олардың қатарында жерлесіміз №83 орта мектебінің биология пәні мұғалімі Әбдіқалықова Достықгүл Сәдірқызы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Одан бөлек Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын, салалық министрліктің «Еңбек ардагері» медалін, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен және «Орта білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломымен марапатталған ұстаздарымыз да бар.
Қымбатты оқушылар!
Жаңа оқу жылы әрқайсыңызға мол білім, биік мақсат, табандылық пен толағай табыс әкелсін! Сіздерге білімге деген құштарлық, ізденіс пен шығармашылық серпін тілеймін! Армандарыңыз асқақ, қадамдарыңыз нық болып, алға қойған мақсаттарыңызға табандылықпен жете беріңіздер!
Білімге бастар жолдарыңыз әрдайым ашық, еңбектеріңіз жемісті, болашақтарыңыз жарқын болсын!

01 қыркүйек 2026 ж. 52 0