Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандағы алғашқы АЭС: Негізгі келісімшартқа қол қойылды

Қазақстандағы алғашқы АЭС: Негізгі келісімшартқа қол қойылды

Қазақстан тарапы мен «Росатом» құрылымына кіретін компания елдегі алғашқы атом электр станциясын жобалау, жабдықтарды жеткізу және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттікке сілтеме жасаған Tengrinews.kz хабарлады.

Енді тараптар Қазақстан Үкіметімен қажетті келісімдерді қоса алғанда, көзделген рәсімдерден өтуі тиіс. Бұл талап 2026 жылғы 28 мамырда жасалған үкіметаралық келісімде бекітілген.

Агенттік жобаны жүзеге асыру барысында жергілікті қамту мәселесіне ерекше назар аударылатынын атап өтті. Құрылыс жұмыстарына қазақстандық кәсіпорындар мен мамандарды барынша тарту, сондай-ақ отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді пайдалану жоспарланып отыр.

Ведомство мәліметінше, станцияның құрылысы жаңа өндірістердің ашылуына, технологиялардың енгізілуіне және білікті кадрлардың даярлануына ықпал етуі тиіс. Атом энергетикасы өнеркәсіп, инфрақұрылым, цифрлық сервистер және жасанды интеллект жүйелері тарапынан электр энергиясын тұтынудың артуы жағдайында елді тұрақты базалық электр генерациясымен қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Қол қойылған келісімшарттың құны мен жобаны іске асырудың нақты мерзімдері хабарламада жарияланған жоқ.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЭС
АЭС салу туралы шешім 2024 жылғы 6 қазанда өткен республикалық референдумнан кейін қабылданды. Ресми қорытынды бойынша бастаманы 5 561 937 қазақстандық немесе дауыс беруге қатысқандардың 71,12 пайызы қолдаған.

2025 жылғы маусымда «Росатом» Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жөніндегі халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде таңдалды.

Сол жылдың тамыз айында Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында инженерлік іздестіру жұмыстары басталды. Мамандар зерттеу жүргізу үшін топырақтың алғашқы үлгілерін алды. Tengrinews.kz тілшілері жобаның іске қосылуы елді мекен тұрғындарының өміріне қалай әсер етуі мүмкін екенін де жазған болатын.

Кейін Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке «Балқаш атом электр станциясы» атауы берілді. Бұған дейін құрылыстың белсенді кезеңін 2027 жылы бастау жоспарланған болатын.
03 қыркүйек 2026 ж. 64 0