Қызылорда облысында үшауысымдық мектеп мәселесі толық шешілді
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармаларының бақылауында 313 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 293-і мемлекеттік мектеп, біреуі – «Назарбаев Зияткерлік мектебі» және 19-ы – жекеменшік білім беру ұйымдары.Оқу орындарының инфрақұрылымын жаңарту және білім алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, білім беру нысандарын белгіленген нормаларға сәйкестендіру мәселесі тұрақты назарда.
Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде облыстағы мектептердің жағдайында оң динамика қалыптасып, бұған дейін қордаланған бірқатар өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Облыстағы апатты жағдайдағы және оқушы сыйымдылығы белгіленген нормативтен жоғары мектептер мәселесін шешу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметіне сәйкес соңғы бес жылда республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 30 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салынды. 6 мектепке оқу, спорт залдары мен асханаларды қамтитын қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жаңа нысандар кезең-кезеңімен ел игілігіне берілді. Аталған жұмыстардың нәтижесінде облыстағы үш ауысымда білім берген мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу бойынша да оң өзгерістер бар. Соңғы бес жылда апатты жағдайдағы 8 мектептің 5-еуі бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, білім алушылардың игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда, №71, №94, №133, №169 және №248 мектептер жаңа ғимараттарға ие болды. Қалған 3 мектеп – №45, №105 және №108 бойынша мәселені шешу жұмыстары жалғасуда.
Білім алушылардың денсаулығына тікелей әсер ететін санитариялық-эпидемиологиялық жағдайларды жақсарту күн тәртібінен түскен емес.
Білім беру ұйымдарында санитариялық тораптардың мектеп ғимаратынан тыс, аулада орналасуы оқушылардың санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтауына және білім алушыларға қолайлы орта қалыптастыруға кері әсер ететін факторлардың бірі болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар 2019 жылы басталып, 2022 жылы 91 мектептің ауласында орналасқан дәретханаларды мектеп ғимаратының ішіне орналастыру жұмыстары толық жүргізілді. Кешенді күрделі жөндеу жұмыстары барысында демонтаждалған 11 мектептің барлық қабаттарындағы ішкі санитариялық тораптар қайта қалпына келтірілді. Аталған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда облыстағы 313 мектептің барлығы ішкі жылы дәретханалармен қамтамасыз етілді. Мектептердегі ұлдар мен қыздарға арналған жалпы 2528 санитариялық тораптың барлығында қол жууға қажетті құралдар мен қол кептіргіштер қарастырылған. Осылайша, бұрын білім беру ұйымдарында өзекті болған сыртқы дәретханалар мәселесі толық шешімін тапты. Бүгінде облыстың барлық мектептерінде оқушылардың санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтауы үшін қажетті жағдай жасалып, олардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қолайлы санитариялық-тұрмыстық орта қамтамасыз етілген.
Білім беру ұйымдарындағы санитариялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстау және анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің жұмысы маңызды рөл атқарады. Осы бағытта Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалары білім беру ұйымдарының санитариялық нормалар мен талаптарға сәйкестігін бақылау, анықталған кемшіліктерді жою және олардың қайталануына жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізуде.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 29 мамырдағы «Ерекше бақылау және қадағалау объектісіне бару арқылы мониторинг жүргізу туралы» №2-БМСД шешіміне сәйкес ағымдағы жылдың маусым айында білім беру ұйымдарының жаңа 2026-2027 оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілді.
Мониторинг барысында мектептер, мектеп-интернаттар және мектеп асханаларының санитариялық жағдайы, тиісті талаптарға сәйкестігі және оқу жылын қауіпсіз бастауға дайындығы бағаланды.
Жоспар бойынша 574 білім беру объектісін қамту көзделсе, оның 573-іне мониторинг жүргізілді. Қазалы ауданындағы №259 мектеп асханасы жалға алушы жеке кәсіпкер келісімшартының мерзімі аяқталуына байланысты мониторингпен қамтылған жоқ.
Жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылданды. Атап айтқанда, 249 мектеп пен 8 мектеп-интернаттың әкімшілігіне, сондай-ақ 165 мектеп асханасының жалға алушы жеке кәсіпкерлеріне анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілді. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болмауына байланысты 30 объектіге тыйым салу түріндегі жедел ден қою шаралары қолданылды. Нәтижесінде бүгінгі таңда жедел ден қою шаралары қолданылған 30 объектінің 20-сына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды берілді.
Жедел ден қою шараларының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 20 объект бойынша тексеру тағайындау актілері рәсімделіп, жоспардан тыс тексерулер жүргізілуде. Оның ішінде 5 объект бойынша тексеру жұмыстары аяқталды. Талаптарды орындамаған 3 объектіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды.
Бұзушылықтарды жою туралы берілген нұсқамалардың орындалуы да тұрақты бақылауда. Бүгінгі күнге 172 мектеп, 61 мектеп асханасы және 6 мектеп-интернат анықталған кемшіліктердің жойылғанын растайтын фото және бейнематериалдар қоса берілген жауаптарын ұсынды. Балалардың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасады.
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Қызылорда облысының СЭБД басшысы









