Әкімдік мәжілісінде бірқатар мәселелер талқыланды
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.Жиында цифрлық активтер саласын дамыту мәселесіне назар аударылып, аудан басшысы жауапты тұлғаларға Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес осы бағыттағы мүмкіндіктерді зерделеп, әр сала бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Әкімдік мәжілісінде күзгі әскерге шақыру науқанының барысы да кеңінен талқыланды. Бұл мәселе бойынша алдымен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы А.Жансейітов хабарлама жасады.
Аудан бойынша көктемгі шақыру жоспары 100 пайызға орындалған. 2026 жылғы көктемгі шақыру бойынша тапсырма 88 азаматты құрады. Алдағы науқанды жүйелі ұйымдастыру, шақырылушыларды медициналық комиссиядан толық өткізу, қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және әскерге шақырудан жалтарып жүрген азаматтарды анықтап, белгіленген тәртіппен жеткізу бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.
Мәжілістің маңызды мәселелерінің қатарында жылу беру маусымына дайындық жұмыстары да болды. Ауданға қажетті 9 600 тонна қатты отынның қазіргі таңда 1 190 тоннасы жеткізілген. Осыған байланысты аудан әкімі жауаптыларға көмір қорын алдын ала жасақтау, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту және қысқы кезеңде отын тапшылығына жол бермеу керектігін тапсырды.
Сонымен қатар елді мекендерді газдандыру, тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу, биыл салынып жатқан 200 пәтердің құрылысын жеделдету және тұрғын үйлерді сапалы пайдалануға беру мәселелері қаралды.
Жиын барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуын қамтамасыз етуге ерекше мән беріп, әлеуметтік нысандарды бірыңғай дизайн код талаптарына сәйкестендіруді тапсырды.
Мәжіліс қорытындысымен барлық жауапты басшыларға берілген тапсырмаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауды ескерткен аудан басшысы атқарылған жұмыстар қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі











