Бірқатар маңызды мәселелер назарға алынды
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, күн тәртібінде ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселелер талқыланды. Биыл ауданда 726 гектар жерге егіс орналастырылып, 1 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да назардан тыс қалмады. 2025 жылы аталған технологиялар 240 гектар алқапқа енгізілсе, биыл бұл көрсеткіш 460 гектарға жеткізілді. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру және бақылауды күшейту жөнінде жауапты сала басшылары мен ауыл әкімдеріне аудан әкімі тарапынан бірқатар тапсырмалар берілді.
2026 жылдың 8 айында ауыл шаруашылығы саласында 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Дегенмен, ет өнімдерін өңдеу көлемі және ауыл шаруашылығы саласының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендеген. Осыған байланысты тиісті көрсеткіштер бойынша нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтқан аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы, кемшіліктерді қалпына келтіру бағытында жұмысты жандандыру керектігін атап өтті.
Мәжілісте мұнан өзге сондай-ақ су тасқынының алдын алу және қорғаныс нысандарының дайындығы, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы және ауданның нысаналы индикаторлары мен негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз ету, барлық жобаларды сапалы әрі уақытылы іске асыру қажеттігі айтылды.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына белгіленген міндеттерді сапалы орындау және жұмысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, олардың мерзімінде орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі












