Сексеуілдегі "Оқушылар үйі" мен "Өнер мектебінің" құрылысы жалғасуда
Сексеуіл кентінде жас ұрпаққа сапалы қосымша білім беруге мүмкіндік беретін жаңа нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде.Бұған дейін кентте 100 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» іргетасын қалау рәсімі өтіп, маңызды жобаның алғашқы қадамы жасалған болатын. Бүгінде аталған нысандар бойынша құрылыс жұмыстары жалғасып, болашақ білім ордасының сұлбасы айқындала түсуде.
Жаңа орталықтар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың шығармашылық қабілетін, өнерге деген қызығушылығын және жаңа дағдыларын дамытуға бағытталмақ.
«Оқушылар үйінде» жеткіншектер түрлі бағыттағы үйірмелерге қатысып, өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алса, «Өнер мектебі» жас таланттардың шығармашылық әлеуетін арттыруға жол ашатын болады.
Аталған нысандардың құрылысына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы демеушілік көрсетуде.
Бұл – Сексеуіл кентінің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және балалардың сапалы білім алуына жасалып отырған маңызды қадам.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі











