«ЫСТЫҚ ҚАЙРАТ, НҰРЛЫ АҚЫЛ, ЖЫЛЫ ЖҮРЕК»: МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА ПІКІРСАЙЫС ӨТТІ
Бүгін Арал ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты аудандық пікірсайыс дебаты өтті.Аталған шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметшілердің шешендік өнерін, сыни ойлау қабілетін, өз пікірін дәлелді жеткізу және қарсы тараптың уәжін саралай білу дағдыларын дамытуға бағытталды.
Пікірсайысқа ауданның әр саласында еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерден құралған командалар қатысып, өзекті тақырыптар бойынша түрлі ұстанымдарын ортаға салды.
Қатысушылар пікірталас барысында тек өз көзқарасын қорғап қана қоймай, мәселені жан-жақты талдап, нақты дәлелдер келтіріп, қарсы тараптың пікіріне жауап бере білді.
Шараға 8 команда қатысып, өзара бақ сынады.
Пікірсайыстың әділ өтуін тәжірибелі қазылар алқасы қамтамасыз етіп, қатысушылардың ой жүйесі, дәлелінің нақтылығы, шешендік шеберлігі мен пікірталас мәдениеті бағаланды.
Нәтижесінде үздік шыққан командалар анықталды. Сайыстың жүлделі І орыны «Әлеумет» командасына бұйырса, ІІ орын «Алтын діңгек» тобына бұйырды. Ал «Адал жастар» командасы жүлделі ІІІ орынға жайғасты. Жүлдегерлерге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Дипломдары табысталды.
Сонымен қатар шарада белсенділік танытқан бірқатар мемлекеттік қызметшілерге Арал ауданы әкімінің және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Алғыс хаттары табысталды.
Мемлекеттік қызметшінің қайраты ел игілігі үшін атқарған ісінен, ақылы қабылдаған шешімінен, ал жылы жүрегі халыққа деген қызметінен көрінеді. Бүгінгі пікірсайыста осындай қасиеттер айқын көрініс тапты деуге болады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі












