Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан 9 айда 25 млн тонна көмір экспорттады

Қазақстан 9 айда 25 млн тонна көмір экспорттады

2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда теміржол көлігімен 77,8 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ға көп. Былтыр осы уақытта 76,6 млн тонна көмір тасымалданған.

Жалпы көлемнің 25 млн тоннасы экспортқа жөнелтілсе, 51 млн тоннадан астамы елдің ішкі қажеттіліктеріне бағытталды.

Жылыту маусымына көмір жеткізу

2026 жылғы 1 мамыр мен 30 қыркүйек аралығында республика бойынша 28,1 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей.

Оның 25,8 млн тоннасы жылу электр орталықтарына (ЖЭО), тағы 2,3 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге бағытталды. Барлық ЖЭО-дағы отын қоры нормативтік деңгейден жоғары немесе белгіленген нормаға сәйкес.

Алдағы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін 7,3 млн тонна көмір қажет. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 154 мың тоннаға аз. Көрсеткіштің төмендеуіне елді мекендерді газдандыру жұмыстарының кеңеюі себеп болған.

Теміржол вагондары көмір тасымалдауға жеткілікті

Көмір тасымалдауға «Қазтеміртранс» АҚ-ның 18,5 мың вагоны жұмылдырылған. Компанияның жалпы жартылай ашық вагондар паркі 27 мың бірлікті құрайды. Сұраныс шарықтайтын кезеңдерде қосымша 3 мың вагонға дейін резерв қалыптастыру көзделген.

Қолда бар жылжымалы құрам көмір тасымалдау қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта отын жеткізу жұмыстары штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Көмір тасымалдауға арналған вагондармен қамтамасыз ету бойынша шектеулер мен проблемалар жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда теміржол арқылы жүк тасымалы 241,7 млн тоннаға жеткені хабарланды.

Ақпарат көзі: baq.kz
Фото: Көлік министрлігі 
12 қазан 2026 ж. 36 0