Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Е-заңнама: Жүйенің жүйріктігі 1 миллиард парақты 1 минутта ақтаруға қауқарлы

Е-заңнама: Жүйенің жүйріктігі 1 миллиард парақты 1 минутта ақтаруға қауқарлы

ҚазАқпарат - Миллиардтаған парақты бір минутта ақтаруға қауқарлы «Е-заңнама» жүйесінің берері мол. Көштен қалмаудың қамын ойласақ, «Е-заңнама» жүйесін жетілдірмек абзал. Заман талабына сай жаңа жүйе жайлы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Әділет министрлігінің Заңнама департаменті директорының орынбасары Думан Сүлейменов кеңірек айтып берді.Думан Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі нормашығармашылық процесте бірталай проблемалар бар. Бірыңғай ақпараттық кеңістіктің жоқтығы, құқықтық мониторинг пен нормашығармашылық процесі арасындағы өзара байланыстың болмауы, құқықтық мониторингтің адамның қатысуымен жүргізілуі, НҚА әзірлеуге кіріспес бұрын талдау жүргізуге арналған құралдардың жоқтығы... Осының бәрі нақты өзгерістерді талап етеді. «Осы мәселені шешу үшін Әділет министрлігі цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және «Зерде» АҚ-мен бірлесіп «Е-заңнама» бірыңғай біртұтас жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізуде. «Е-заңнама» жүйесін қабылдаудың мақсаты - тиісті шешімдер қабылдау үшін мемлекеттік органдар жүргізетін заңнаманың салаларын, құқық қолдану тәжірибесіндегі мәселелерді кешенді талдаудың тиімділігін арттыру. «Е-заңнама» жүйесінің ерекшелігі - «жасанды интеллект» элементтерін қолдану», - дейді ол Мемлекеттік органдарда ақпараттың үлкен ағыны, заң жобалары, қаулылар, азаматтардың өтініштері бойынша күн сайынғы хат алмасулар болып жатыр. «Егер барлық ақпаратты қорытатын болсақ, миллиардтаған парақтарды ақтарамыз. Оны адам физикалық тұрғыдан бәрін оқып, қажетті нәрсесін ала алмайды. Сонымен қатар, мұндай ақпарат көлемін BigData және жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, «Интернет-ресурстардан ақпарат жинауға арналған робот» өңдей алады. Бір минут ішінде бұл робот талдау жүргізіп, сұратылған ақпаратты береді», - дейді Думан Сүлейменов. Big data - нақты тапсырмалар мен мақсаттарда пайдалану үшін құрылымдастырылған және құрылымдастырылмаған деректерді өңдеудің түрлі құралдары. «Big data барлығын өз орындарына орналастырады. Сізге деректердің үлкен санынан оларды одан әрі тиімді қолдану үшін нақты және қажетті ақпаратты алуға көмектеседі. Бұдан басқа, жүйеде «Білім базасы» жұмыс істейді. Онда әртүрлі ақпараттар, оның ішінде робот көрсеткіштер бойынша сұрыптайтын (оң, теріс, бейтарап) азаматтардың өтініштері мен әлеуметтік желілердегі пікірлер жинақталып, талданады. Жүйе заңнама салалары, жиі қойылатын сұрақтар, аймақтар, әлеуметтік жағдай бойынша статистиканы жүргізеді. Осылайша, мемлекеттік органдар халықтың көңіл-күйін және қандай мәселелерді, оның ішінде заңнамалық деңгейде шешу қажеттігін көре алады», - дейді департамент директоры. Бұндай алаң заңнаманы, оның құқық қорғау және сот тәжірибесін жан-жақты талдауға, соның ішінде қалыптасқан ақпараттар массивін пайдалануға мүмкіндігін береді. Ол сондай-ақ бүгінгі күндегідей, тек бизнес-қоғамдастықтың ғана емес, құқық қолданушылардың әртүрлі топтарының көзқарастары тұрғысынан заңнаманың қажеттіліктерін тереңірек талдауға жол ашады. «Қазіргі заманғы мемлекеттік-құқықтық ғылым мен практикада ақпараттық жүйенің мұндай моделі жоқ. Алайда кейбір елдер норма шығару процесін автоматтандыру немесе үлкен деректерді талдау мақсатында жекелеген элементтерді қолдана бастады. Мысалы, Австралия мен Жаңа Зеландияда жергілікті және муниципалдық үкіметтің білім базасы қолданылады. АҚШ-та нормашығармашылық саласында тәжірибе алмасу үшін білім базасы қолданылады. Қазақстанда әзірленген «Е-заңнама» ақпараттық жүйесі қоғамымызды дамыту мақсатында заң шығару жұмысының сапасын арттыру жөніндегі негізгі факторлардың бірі болуы тиіс», - деп түйді Думан Сүлейменов.
https://www.inform.kz
17 мамыр 2019 ж. 604 0