Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Алтын күз – 2026»: Ел ырысын еселеген дала еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді

«Алтын күз – 2026»: Ел ырысын еселеген дала еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Құзыреттілік орталығында» Сыр өңіріндегі егін жинау науқанының аяқталуына орай «Ақмаржан» агромәдени фестивалі аясында «Алтын күз – 2026» салтанатты шарасы өтті.

Онда ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер таныстырылып, жергілікті өндірушілердің өнімдері қойылған көрме ұйымдастырылды.

Аймақ басшысы ел ырысын еселеуге үлес қосқан дала еңбеккерлеріне алғысын білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, озық технологияларды енгізу, өнімдерді терең өңдеу мәселесін басты міндет ретінде айқындады.
Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының жетекші салаларының бірі.
Биыл саланы мемлекеттік қолдауға 37 млрд. теңге бөлініп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе артты. Жылдың 9 айында ауыл шаруашылығында 178 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.
«Кең дала-2» несие беру жобасының арқасында машина-трактор паркі жаңартылуда. Салаға тартылған инвестиция көлемі 25 млрд. теңгеге, өсім 37 пайызға жетті.

Бүгінгі жетістіктеріміздің түп-тамыры – аға буын өкілдері мен ардагерлеріміздің қажырлы еңбегінде. Өмір бойы туған жердің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, адал еңбегімен облыстың әлеуетін көтерген барша еңбек ардагерлеріне шексіз алғысымды білдіремін! Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен өнегелі жолдарыңыз – бүгінгі жас буын үшін баға жетпес мектеп», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Мерекеде жыл қорытындысымен өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласында үздік жетістіктерге жеткен еңбек озаттары марапатталды.

Сонымен қатар саланы дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілерін иеленді. Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы табысталып, озат еңбеккерлерге тоғыз автокөлік берілді.
«Үздік аудан» номинациясына Қармақшы ауданы, «Озат аудан» номинациясына егін шаруашылығы бойынша Жалағаш ауданы, мал шаруашылығы бойынша Жаңақорған ауданы лайық деп танылды.

Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 7 100 гектарға артып, 193 700 гектарға жеткен. Соңғы жылдары су тапшылығына байланысты егісті әртараптандырудың маңызы артуда. Суды көп қажет ететін күріш егісі 10 900 гектарға оңтайландырылып, орнына тіршілік нәрін аз тұтынатын, рентабельділігі, экспорттық әлеуеті жоғары дақылдар егісі 20 мың гектарға жуық ұлғайтылды. Дән жүгері дақылының көлемі 5 есе артты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су ресурстарын тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуде жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Өткен жылы су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы 8 100 гектар жерге егін егілсе, биыл бұл көрсеткіш 14 200 гектарға жеткізілді.

Осы жылға 30 млрд теңгенің 8 инвестициялық жобасы жоспарланған. Бүгінде 3 жоба жүзеге асырылса, қалған 5 жобаны жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Өңірде шетелдік инвесторлардың қатысуымен ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. Республика күні қарсаңында жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Бұл өңірдің ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартуға, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

23 қазан 2026 ж. 38 0