Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті

Кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұйрығымен Арал аудандық бөлімінің бастығы Салимов Әділхан Мұратбайұлы облыстық департаменттің басқарма бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.

2004 жылдан бері ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етіп, 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап Арал аудандық бөлімінің бастығы қызметін абыроймен атқарған Әділхан Мұратбайұлы аудан аумағында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізді.

Актив отырысы барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Әділхан Мұратбайұлына ауданның дамуына қосқан үлесі мен жауапты қызметтегі еңбегі үшін аудан әкімінің Алғыс хатын және естелік сыйлық табыстады. Өз кезегінде Әділхан Мұратбайұлы жаңа қызметке тағайындалуына байланысты жылы лебіздер мен ізгі тілектерге алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұйрығымен Арал аудандық бөлімінің бастығы лауазымына Рысмаханов Дәулет Болатұлы тағайындалды.

Дәулет Болатұлы 2010 жылдан бері ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарып келеді. Әр жылдары есірткі бизнесіне, сыбайлас жемқорлыққа, терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бағыттарында еңбек етіп, 2021–2024 жылдары Комитеттің орталық аппаратында қызмет атқарған. 2024 жылдан осы уақытқа дейін облыстық департаменттің басқарма бастығының орынбасары лауазымында болды.

Актив отырысында ауданның бірқатар зиялы қауым өкілдері жаңа қызметке тағайындалған азаматтарға ізгі тілектерін білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

27 қазан 2026 ж. 51 0