Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданына бас имам тағайындалды

Арал ауданына бас имам тағайындалды

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында Арал аудандық орталық мешітінде орын алған кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті. 
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев төрағалық етіп, ауданға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Д.Құрманбаев арнайы іссапармен келгенін айтып, жиынның күн тәртібіне сәйкес кадрлық өзгерістерге кезек берді. 
Осы кезге дейін Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы қызметін атқарып келген Қ.Қабылғазиев жаңа қызметке, яғни, Қызылорда облысы, Тасбөгет кенті мешітінің бас имамы лауазымына тағайындалды.
Аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев басқа қызметке ауысып жатқан Қайырхан Табысұлының ауданда қызметте болған жылдары діни ахуалды жақсартып, оқу-ағарту ісінде және аудан көлемінде жаңа мешіттер бой көтеруіне атсалысып, көптеген қайырымдылық шаралардың басы-қасынан табыла білгенін тілге тиек етті. Сонымен қатар аудандағы діни тұрақтылықты сақтап, асыл дініміздің құндылықтарын дәріптеу жолындағы қызметіне алғыс білдіре отырып, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Актив отырысында «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Дастан Жанасұлы Арал аудандық ортылық мешітінің бас имамы қызметіне Мырзағазиев Әнуар Махсатұлының тағайындалғанын жеткізіп, қысқаша өмір жолына тоқталып өтті.
Жиын барысында ел ағалары, зиялы қауым өкілдері жаңа қызметке тағайындалып жатқан қос азаматқа ізгі лебіздерін жеткізіп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
02 тамыз 2025 ж. 58 0