Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал жастары жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеруде

Арал жастары жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеруде

Жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеруге бағытталған «AI Workshop» оқу курсының III кезеңі басталды.

Курстың ашылу салтанатына Арал аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Нұрбек Таукеев Ғарифуллаұлы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын меңгерудің маңыздылығына тоқталып, мұндай бастамалар жастардың кәсіби дамуына, жаңа дағдыларды қалыптастыруына және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Оқу курсын «Aral AI Hub» жобасының жетекшісі Маратов Айдос Маратұлы жүргізуде. Бағдарлама аясында қатысушылар жасанды интеллект платформаларымен жұмыс істеуді, оларды түрлі бағытта тиімді қолдануды және цифрлық өнімдер әзірлеуді үйренеді.

Теориялық білім практикалық тапсырмалармен ұштастырылып, сабақтар интерактивті форматта өтеді.
Курс барысында жастар цифрлық контент әзірлеу, графикалық дизайн, бейнемонтаж және медиа өнімдер жасау бағытында тәжірибе жинақтайды. Сондай-ақ жасанды интеллект құралдарының көмегімен өз идеяларын жүзеге асырып, креативті жобалар әзірлеуге мүмкіндік алады.
Айта кетейік, жобаның алғашқы екі кезеңінде ауданның 210 жасы арнайы оқытудан өтіп, жасанды интеллект құралдарын пайдалану, цифрлық контент әзірлеу және заманауи технологияларды тиімді қолдану бағытында білімдерін жетілдірді. Ал оқу курсының III кезеңі осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы болып, жастардың цифрлық дағдыларын одан әрі дамытуға бағытталған.

«AI Workshop» оқу курсы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту жөніндегі бастамаларымен үндеседі. Жоба жастардың заманауи технологияларды меңгеруіне жол ашып, олардың жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына және кәсіби әлеуетін арттыруына бағытталған.

05 қараша 2026 ж. 46 0