Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «AMANAT AI SKILLS» оқыту жобасы аясында 500 жасты қамту жоспарлануда

«AMANAT AI SKILLS» оқыту жобасы аясында 500 жасты қамту жоспарлануда

Арал ауданында жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған «AMANAT AI SKILLS» оқыту жобасы аясында алдағы уақытта жалпы саны 500 жасты оқыту жоспарланып отыр. Жоба аудан орталығымен ғана шектелмей, ауылдық округтер мен елді мекендерді де қамтитын болады. Осы мақсаттағы курстың II кезеңі бүгін ресми түрде бастау алды.

«AMANAT» партиясы Арал аудандық филиалы мен «ARAL AI HUB» жобасының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылып жатқан оқыту курсының ашылу салтанатына жастар, білім саласының өкілдері және белсенді азаматтар қатысты.
Іс-шараны «AMANAT» партиясы Арал аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Талғат Мырзағұлұлы Қанатов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол қазіргі таңда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды меңгерудің маңызы артып отырғанын атап өтіп, жастардың заман талабына сай білім алып, жаңа мүмкіндіктерді игеруіне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, жобаның алғашқы кезеңінде ауданның 110 жасы арнайы оқытудан өтіп, жасанды интеллект құралдарын пайдалану, цифрлық контент әзірлеу және заманауи технологияларды тиімді қолдану бағытында білім алған болатын.
Ал басталған екінші кезеңде 100-ге жуық жасты қамту көзделіп отыр. Қатысушылар теориялық және практикалық сабақтар арқылы жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктерін меңгеріп, күнделікті өмір мен кәсіби қызметте қолданудың тиімді жолдарын үйренеді.

Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта курс ауқымы кеңейтіліп, ауданның барлық елді мекендеріндегі жастарды қамту жоспарланған. Нәтижесінде «AMANAT AI SKILLS» жобасы аясында жалпы 500 жас оқытылып, олардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік жасалмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған цифрландыру және жасанды интеллект бағытындағы бастамаларды қолдауға негізделген жоба жастардың жаңа технологияларды игеруіне жол ашып, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
#АМАНАТ
03 маусым 2026 ж. 48 0