ЦИФРЛЫҚ ДАМУҒА ҚАДАМ: AMANAT AI SKILLS ОҚУЫ БАСТАЛДЫ
Арал ауданында жастардың білімін жетілдіруге, заманауи технологияларды меңгеруіне бағытталған маңызды жоба – AMANAT AI SKILLS курсы өз жұмысын бастады. Бұл бастама “AMANAT” партиясы мен Арал аудандық Жастар ресурстық орталығының бірлесуімен жүзеге асырылып, “Aral AI Hub” жобасы аясында ұйымдастырылды. Жаңа форматтағы бұл курс – цифрлық дәуір талабына сай білім беруді көздейтін, жастарға нақты дағдыларды үйретуге бағытталған тың алаң.Курстың ашылу рәсіміне “AMANAT” партиясы Арал аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қанатов Талғат Мырзағұлұлы қатысып, жастарға жүрекжарды тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде бүгінгі қоғамдағы технологияның қарқынды дамуына тоқталып, жасанды интеллекттің адам өмірінің барлық саласына дендеп еніп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, мұндай білім беру бастамалары жастардың болашаққа сенімді қадам жасауына үлкен мүмкіндік екенін ерекше айтты.
Осы тұрғыда ұйымдастырылған AMANAT AI SKILLS курсы – жастардың заман талабына сай білім алуына, жаңа технологияларды игеруіне бағытталған маңызды жоба. Бұл курс қатысушыларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, тәжірибелік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Яғни, әрбір қатысушы алған білімін нақты өмірде қолдана алатындай деңгейге жетуді мақсат етеді.
Курстың бір ерекшелігі – цифрлық контент әзірлеуге басымдық берілуі. Қазіргі қоғамда ақпаратты дұрыс жеткізе білу, сапалы визуалды және медиа өнімдер жасау – үлкен сұранысқа ие қабілеттердің қатарында. Осыған орай қатысушылар дизайн, видео және медиа бағыттарында өз білімдерін жетілдіреді. Сонымен бірге Vibecode платформасы арқылы креативті жобалар әзірлеп, өз идеяларын нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік алады.
Оқу процесі 3 күнге жоспарланған. Алғашқы күні курсқа 35 жас қатысып, жоғары белсенділік танытты. Жалпы жоба аясында 100-ге жуық жасты қамту көзделіп отыр.
Бұл – аудан жастарының жаңа білімге деген қызығушылығы мен ұмтылысының айқын көрінісі.
Жалпы, мұндай жобалар – жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті болу үшін тек дәстүрлі білім жеткіліксіз. Қосымша дағдыларды меңгеру, жаңа технологияларды игеру – уақыт талабы. Ал осындай курстар сол қажеттілікті қамтамасыз ететін тиімді құралға айналып отыр.
#АМАНАТ













