Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ҮНДЕУІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ҮНДЕУІ

Қымбатты отандастар!

Бір айдан соң Қазақстан Тәуелсіздігінің жарияланғанына
35 жыл толады.
Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтаймыз! Расында да, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!».
Алғаш рет, біздің Конституциямызда қастерлі «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» ұғымының бас әріппен жазылуы – елдіктің белгісі деп санаймыз.
Осыдан 35 жыл бұрын, 1991 жылы тәуелсіздік жарияланған кезде бір халық, біртұтас ел болып бірге қуанған едік.
Сол жылдардағы халықтық асқақ көңіл-күй, болашаққа деген үміт пен сенім аспандап тұрғаны дәл бүгінгідей есімізде.
Үмітіміз ақталып, тәуелсіздік жылдары Қазақстан тұтас дәуірге татитын күрделі де жауапты кезеңді бастан өткерді.
Шындығында, 1991 жылдың желтоқсаны мен 2026 жылдың желтоқсаны аралығында еліміз зор жетістіктерге жетті деп нық айта аламыз.
Әсіресе, соңғы жеті жылда бұрын-соңды болмаған түбірлі өзгерістерге бәріміз куәміз.
Әділеттілік, заң мен тәртіп барлық салада мызғымас қағидаға айналды.


Оның экономикадағы, іс жүзінде көрінісі – шетелге кеткен заңсыз капитал елге қайтарылып, халықтың игілігіне жұмсалып жатыр. 1 триллион теңгеден аса қаржы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес одан сайын күшейді, ешбір биік лауазым заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайтыны баршаға аян болды.
Әлеуметтік саладағы әділдік – үш жылдан бері «Ұлттық қордағы» қаржыдан түскен инвестициялық табыс әрбір балаға теңдей бөлініп отыр. Дәл қазір 7 миллионнан аса баланың есепшотына 2,5 млрд АҚШ долларына пара-пар қомақты қаржы аударылған.
Әділетті мемлекетте отандық ғылым мен мәдениетті дамыту да - айрықша назарда. Соңғы жеті жылда ғылымды қаржыландыру 3,6 есе өсіп, 261,5 млрд теңгеге жетті.
Сонымен қатар жеті жыл ішінде 1300-ден аса жаңа мектеп, 1483 балабақша, 1259 медициналық мекеме, 536 спорт және мәдениет нысандары салынды.
Ел экономикасы қауіпсіздігіне нақты кепіл Алтын валюта мен Ұлттық қордың активтері 44 пайызға өсіп, 130 миллиард долларға жуықтады. Бұл – осыған дейін болмаған көрсеткіш. Сондай-ақ соңғы 7 жылда 625 жаңа өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылды, ауылшаруашылығы өндірісінің өсімі 24 пайызға артты.
Ал ең бастысы, жалпы ішкі өнімнің көлемі 7 жылдың ішінде шамамен 2,5 есе өсіп, 398 млрд. долларды құрады. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары деңгей.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы цифрландыруды дамытуға айрықша көңіл бөлетінін білесіздер. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматта көрсетіледі.
Мұның бәрі – қазіргі даму жолымыздағы ауыз толтырып айтарлық жетістіктер. Кейбір азаматтар бүгінгі қайбір қиындыққа екпін түсіріп, шүкіршілік ететін көп табысты ұмытып жатады.
Биыл жүзеге асқан конституциялық реформа мен тұтас саяси жүйенің жаңаруы Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына тұспа-тұс келуі - мәні терең рәмізді оқиға.
Барымызды бағалап, жетістіктерімізді арттыру үшін ендігі жерде қоғамдық сананың жаңарғаны маңызды.

Қадірлі әріптестер!

Биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығына мемлекеттік деңгейде айрықша көңіл бөлініп отыр. Еліміздің басты қалалары мен облыс орталықтары елдіктің елеулі белесіне сай безендірілгені қуантады.
Өздеріңізге мәлім, жыл басында Президентіміз
тарихи белестің маңызын атап өтіп, ел дамуындағы жаңа кезеңге өтумен пара-пар екенін айтты.
Біз бүгініміз үшін де, ертеңіміз үшін де бірлесе тынбай еңбек етуге тиістіміз. Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын алдағы өсу көкжиегімізді, нақты мақсат-мүддемізді айқындайтын жауапты кезеңге айналдыруымыз керек.

Таяуда Ауылшаруашылығы еңбеккерлері форумында Президентіміз: «Мемлекетіміздің Егемендігін, Тәуелсіздігін қорғауға қатысты кейбір мәселе түбегейлі шешімін таппады» дегенін жақсы білесіздер. Рас, азаттығымызды баянды, бірлігімізді берік ету жолында атқарар ортақ ісіміз әлі де аз емес. Сондықтан қазір біз – ел болып, қоғам болып игі істер жасайтын кезеңдеміз.
Ол үшін Мемлекет басшысы Жолдауында жария еткен «Халықтық құрылыс» жобасы сияқты ел әлеуетін арттыратын істерге бірлесе атсалысқанымыз жөн.
Дәл бүгін жұдырықтай жұмылып, ұлт болып ұйысып, Президентіміз жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» халықтық бастаманы нақты іспен қолдауымыз керек. Тіпті, бұл - әрбіріміз үшін абыройлы міндет!
Мұны 35 жылдық белес аясында басталған тегеурінді, ауқымды жоба деп айта аламыз. Халық игілігіне арналған жүздеген әлеуметтік, ал ауыл-аймақтарда мыңдаған инфрақұрылымдық нысандар салынып, баршаның пайдалануына беріледі. Әділеттіктің жалпыұлттық құрылысы – осы күнге өнеге, келешекке мақтаныш болады деп сенеміз.
Бірлігіміз артсын, берекеміз молайсын!

Құрметпен,
Құрылтайдың барлық фракция депутаттары
25 қараша 2026 ж. 47 0