Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Nurly Ertis аясында елордадан Екібастұзға 50-ден астам отбасы көшіп барды

Nurly Ertis аясында елордадан Екібастұзға 50-ден астам отбасы көшіп барды

 Nurly Ertis бағдарламасының шеңберінде Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға 50-ден астам көпбалалы отбасы көшіп барды,

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов елордалық тіркеуін өзгертуге шешім қабылдаған отбасыларға пәтер кілттерін табыс етті.
Барлық еңбекке жарамды қоныс аударушыларды жергілікті кәсіпорындар мен мекемелерде жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал балаларды балабақша мен мектептерге орналастырады. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін құжаттарды рәсімдеуге жәрдем көрсетеді. Бүгінгі таңда Екібастұз билігі елдің еңбек күші мол өңірлерінен қоныс аударушыларға 283 пәтер беруге дайын, оның ішінде 89 – үш бөлмелі, 108 - екі бөлмелі, 86-бір бөлмелі пәтерлер.
«Елімізде жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдау, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осыған байланысты Павлодар облысы әкімдігінің бастамасымен Nurly Ertis бірегей бағдарламасы іске қосылды, барлық көшіп келушілерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Екібастұзда көптеген ірі өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, кәсіпкерлік жақсы дамыған, сондықтан оны Қазақстанның дамыған және перспективалы қалаларының бірі деп атауға болады. Бұл оң тәжірибені еліміздің басқа да еңбек күші тапшы аймақтарында да пайдалану қажет», - деді Сапарбаев.
Өңір басшысы Болат Бақауов Павлодар облысы республикадағы білім беру саласындағы көшбасшылардың бірі екенін атап өтті.
«Біздің балаларымыз халықаралық және республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленеді. Ал үш жастан асқан балалар балабақшалардағы орындармен 100% қамтамасыз етілген. Өнеркәсіп белсенді дамуда, Қазақстанда бұрын өндірілмеген өнім шығаратын жаңа кәсіпорындар ашылуда. Сондықтан, Павлодар облысында Nurly Ertis бағдарламасын іске асыруға ұсынғаны өте орынды. Осы бағдарлама бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға өмірлік қиын жағдайға тап болған 50 көпбалалы отбасы көшіп келді. Біз оларды тұрғын үймен, жұмыспен, балабақшалар мен мектептердегі орындармен қамтамасыз етеміз. Біз қоныстанушыларға көмектесуге міндеттіміз және біздің өңір олар үшін нағыз өз үйіндей болады деп үміттенеміз», - деп сендірді облыс әкімі.
Өз баспанасының бақытты иегерлерінің пәтерлерін көргеннен кейін Бердібек Сапарбаев, Болат Бақауов және Ерлан Каналимов «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен бірлесе отырып, Екібастұз қаласының №2 мектебінің базасында ашылған психологиялық-педагогикалық түзетуге арналған балалар кабинетінің жұмысымен танысты.

«Қазіргі таңда тағы 25 көпбалалы отбасы Екібастұзға қоныс аудару жөнінде өтініш білдіруде. Елорда әкімдігі автобустар және жүк тасымалдайтын көліктермен қамтамасыз етуде. Аталған бағдарламаға қатысқысы келетіндер Нұр-Сұлтан қаласы, Р.Қошқарбаев даңғылы, 39 мекенжайында (М.Жұмабаев көшесі жағынан) орналасқан «Тұрғын үй қоры» КММ-не өтініш тапсыра алады», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов.
https://baq.kz

03 маусым 2019 ж. 818 0